Общественный фонд «Федерация спортивной прессы»

Харбинде Қазақ Туын ұстап шығады

Харбинде Қазақ Туын ұстап шығады

14.01.2025. Астана – IX қысқы Азия ойындарының ашылу салтанатында Қазақстан Туын хоккейші Әділ Бекетаев пен шорттрекші қызымыз Ольга Тихонова ұстап шығады.

Бұл жөнінде бүгін, Үкімет отырысында өткен жиында, ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеп, Ақ Азиадаға қатысатын ел спортшыларының дайындығы туралы есеп берді.

IX қысқы Азия ойындары 7-14 ақпан аралығында Қытайдың Харбин қаласында өтеді. Онда спорттың 11 түрінен 64 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Атап айтқанда, тау шаңғысы, шаңғы жарысы, биатлон, керлипнг, мәнерлеп сырғанау, конькимен жүгіру, шорт-трек, шайбалы хоккей, сноуборд, ски-альпинизм, фристайл сынды спорт түрлері 2024 жылғы Ақ Азиада бағдарламасына енген. Қатысатын елдер саны – 34.    

Қазақстан спортшылары ски-альпинизмнен (үш медаль жиынтығы) басқа спорт түрлерінде бақ сынайды. Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың мәлімдеуінше біздің елден қысқы Азия ойындарына 138 спортшы аттанады. Ұлттық құрамалар сапы толық бекітіліпті.

Ел спортының басшысы Харбинде биатлоншыларға, шаңғышыларға, конькимен жүгірушілерге және хоккейші жігіттерімізге үлкен үміт артылатындығын атап өткен. Жоғарыда жазғанымыздай, IX қысқы Азия ойындарының ашылу салтанатында еліміздің көк Туын хоккейші Әділ Бекетаев пен шорттрекші Ольга Тихонова ұстап шығатын болып шешілген.

При поддержке