«Спорт басылымдары федерациясы» Қоғамдық қоры

Ауыр атлетикадан АЧ: Қазақстан – көшбасшы!

Ауыр атлетикадан АЧ: Қазақстан – көшбасшы!

Астанада жасөспірімдер мен жастар арасында ауыр атлетикадан Азия чемпионаты аяқталды. Оған 25 елден келген 14 пен 20 жас аралығындағы 300-ден астам спортшы қатысты, деп хабарлады Туризм және спорт министрлігі.

Чемпионатта еліміздің намысын 29 спортшы қорғады.

Азия ауыр атлетика федерациясының президенті Мохаммед Юсеф Аль-Мана турнирдің лайықты деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.

-Жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия чемпионатының Қазақстанда өтіп жатқанына қуаныштымыз! Бұл тек Қазақстанның мойындалуы емес, сонымен қатар Азияның Олимпиада ойындарындағы ауыр атлетика бойынша ең мықты құрлықтардың бірі ретіндегі ықпалын дәлелдейді, - деді.

Чемпионат қорытындысына сәйкес Қазақстан құрамасы медаль саны бойынша көшбасшы атанды.

* Еліміздің спортшылары 17 жасқа дейінгі жас көрсеткіші бойынша 12 алтын, 4 күміс, 7 қола медаль жеңіп алды.

* 20 жасқа дейінгі жас көрсеткіші бойынша 9 алтын, 8 күміс, 10 қола медальға ие болды. Сонымен қатар, бірнеше Азия және әлем рекорды жаңартылды.

Атап айтқанда:

- Әлихан Әскербай (71 кг, 20 жасқа дейін): 3 алтын, 6 рекорд (3 әлемдік, 3 азиялық). Жұлқи көтеруде – 141 кг, серпе көтеруде – 169 кг, қос сайыс бойынша – 310 кг (жаңа әлем және Азия рекорды) бағындырды.
- Едіге Емберді (79 кг, 20 жасқа дейін): жұлқи көтеруде – 153 кг (алтын), серпе көтеруде – 194 кг (Азия рекорды), қос сайыс бойынша – 347 кг (Азия рекорды) еңсерді.

- Нұржан Жұмабай (79 кг, 17 жасқа дейін): 15 жастағы атлет 3 алтын жеңіп алды. Жұлқи көтеруде – 140 кг, серпе көтеруде – 175 кг (Азия рекорды), қос сайыс нәтижесі бойынша 315 кг көтерді.

- Денис Полубояринов (94 кг, 20 жасқа дейін): қос сайыс – 376 кг (абсолютті чемпион), серпе көтеруде – 213 кг (Азия рекорды) бағындырды.

- Ксения Прозорова (58 кг, 17 жасқа дейін): Қытай және Өзбекстан спортшыларын артта қалдырып, 3 алтын иеленді және ең жас чемпион атанды.

- Кира Данилова (69 кг, 17 жасқа дейін): жұлқи көтеруде – 87 кг, серпе көтеруде – 111 кг, қос сайыс – 198 кг көтеріп, 3 алтын медальға ие болды.

- Ерасыл Сәулебеков (88 кг, 20 жасқа дейін): жұлқи көтеруде – 153 кг, серпе көтеруде – 191 кг, қос сайыс нәтижесі бойынша 344 кг көтеріп, 3 алтын медаль иегері атанды.

 

Фото: Туризм және спорт министрлігі

 

Қолдау көрсеткен