Халықаралық аренадағы ұлттық спорт түрлері

Елімізде дәстүрлі ұлттық спорт түрлері белсенді түрде дамып, кеңінен насихатталуда. Олардың қатарына асық ату, аударыспақ, бәйге, дәстүрлі садақ ату, жамбы ату, жекпе-жек, көкпар, қазақ күресі, құсбегілік, теңге ілу және тоғызқұмалақ спорты бар. Бүгінде аталған спорт түрлерімен тек елімізде ғана емес, шетелде де спортшылар кеңінен айналысады.
Осылайша, қазақтың бірегей спорттық дәстүрінің әлемге таралуына ықпал етуде. Мұның жарқын мысалы ретінде тоғызқұмалақ спортын айтуға болады. Төрт мың жылдық тарихы бар зияткерлік ойынын «Азиялық шахмат» деп те атайды.
Қазақстан 2006 жылы Лондонда өткен зияткерлік ойындар олимпиадасында тоғызқұмалақты әлемдік деңгейде таныстырып, оның халықаралық аренада танымал болуына жол ашты. Қазіргі таңда бұл ойын Ұлыбритания, Германия, АҚШ, Франция, Түркия, Қытай, Ресей және тағы басқа 50-ден астам елде кеңінен таралған.
Сонымен қатар қазақ күресі мен көкпар спорты да халықаралық деңгейде мойындалып үлгерді. Бүгінде әлемнің 46 елінде қазақ күресі федерациясы жұмыс істейді. Қазіргі уақытқа дейін 11 әлем чемпионаты өткізілген. Ең соңғы әлем біріншілігі биыл ақпан айында Үндістанда ұйымдастырылды. Бұл қазақтың ұлттық спорт түрлеріне шетелде де жоғары қызығушылық бар екенін көрсетеді.
Ұлттық спорт түрлерінің халықаралық деңгейде дамуы мен танымал болуы – Қазақстанның бірегей мәдени болмысын сақтауға әрі оның әлемдік спорт мәдениетіндегі жетістіктерін мойындатуға ықпал етеді.
Спорт және дене шынықтыру істері комитеті
