«Спорт басылымдары федерациясы» Қоғамдық қоры

Қазақ баспасөзінің чемпион қаламгері, мәңгілік ұстазым

Қазақ баспасөзінің чемпион қаламгері, мәңгілік ұстазым

Сейдахмет Бердіқұлов (1933 – 1994)

Сейдахмет Бердіқұлов – жазушы, публицист, журналист. 1933 жылы 9 мамырда Алматы облысындағы Жамбыл ауданының Қарақастек қыстағында дүниеге келген. 1956 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген. 1965 — 1970 жылдары «Қазақстан пионерінің» редакторы, 1970—1986 жылдары «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінің редакторы, 1986 — 1994 жылдары «Жалын», «Балауса» баспаларының директоры болды.

Қазақ спорт журналистикасының негізін қалаушы. Ел спортын насихаттауға телегей-теңіз еңбек сіңірген. Қазіргі Қазақстан спорт басылымдары қауымдастығының алғашқы президенті. 1966 жылы Лондонға, 1970 Мексикаға барып, футболдан әлем чемпионаты жайлы қалам тартқан алғашқы қазақ.

...Ғажап! Футбол дүбір салған көктем тағы келді. Күн жылыды, жер көгерді. Адамзат біткен алақандарын жайып, жандарына жылу жинай бастады. Мал төлдеді, топырақ бусанды, балалар доп қуа бастады. Сейдахмет аға ғашық болған футбол ойыны бір жылда жер кіндігін бір айналып, қазақ топырағына тағы келді. Енді сол футболға ерекше ғашық жүректі Сейдахмет аға жоқ... Бірақ көктеммен ілесіп келген футбол бар. Тәуба. Әлгі футбол қуған мың баланың арасында Сейдахмет ағасын оқыған бір түйір бала болса болғаны! Жаңа ғасырдағы қазақ футболының жауынгерлеріне Сейдағаңдай, Тұмағаңдай ұлтын сүйген үлкен жүректі жандардың арман-тілегін аманат етіп сол жалғыз түйір бала-ақ жеткізеді, бұйыртса!

...Оу, футбол келді тағы да! Сейдахмет аға атындағы жүлдеге қаламгер атаулы шапқылайтын футбол додасы келді! Мамырдың 7-9 аралығында осы доданың бесігі болған Алматыда сол футбол бәскесі тағы да дүрілдеп өтіп жатыр. Қайран Тұмағам-ай, көктеммен бірге құлпыратын дала гүліндей өлмейтін өлең жазған екенсіз-ау, «Футбол келдідей»! Олай болса, Сіз де тұрыңыз, Сейдешіңізді ертіп алып, отамызға келіңіздер. Футбол алаңының аспаны Сіздердің рухтарыңызбен нұрланып тұрсын, Ардақтыларым!

С.Бердiқұлов ғажап журналист, тамаша жазушы, ерекше ұлтжанды қаламгер болатын. Әсiресе, футболды ерекше жазды Сәкең. Футбол туралы қаламымен теңдессiз өрнек салып жаза алған Сәкеңнiң мол мұрасы қанша ақтарса да жалықтырмайды. Сонау бұлт астындағы Мексикадағы болсын, мынау мұнарға оранған Ұлыбританиядағы болсын, әлемдiк футбол додасын Сәкең қазақы көзбен, қазақы сөзбен, қазақы жүрекпен жазған кезде жанарыңа жас үйiрiледi. Қандай тойды да көретiн көз көп, куә болар көкiрек сансыз, бiрақ соны санасында қорғасындай ерiтiп, көрмегенге көргендей етiп жеткiзетiн жазудың жампоз шеберi Сәкең, Сейдахмет ағамыз едi.

1994 жылы Халықаралық спорт басылымдары қауымдастығының (AIPS) Манчестерде өткен ел жетінші Конгресіне барып қайттым. Келген бетте Дүрәліні ертіп, ауыр халде жатқан Сейдағаңа бардым. «Аға Манчестерден келдім, Тәуелсіз мемлекет ретінде Қазақстан спорт журналистері атынан AIPS-тің жиынына қатысып келдім» дедім. Жалт қарады, көзі от шашып, жайнап кетті. Іле-шала көзінен жас шығып кетті. «Жеттік пе, соған да айналайын» деп ағыл-тегіл жылады. Мен де өзімді ұстай алмадым, көзден жас парлады... Сейдағам сондай елін сүйген ер еді...      

Шіркін-ай, тірі болғанында Сейдахмет ағамыз бүгін 80 толар еді. Сейдахмет аға 61-ақ жыл өмір сүрді. О, өмір-ай, кезінде Сәкең маған өлмейтін адамдай көрінуші еді. Киімнің жақсысын киді, сұлудың жақсысын сүйді (Күлатай жеңгемізді айтамын. – Н.Ж.), еркін, еркелей өмір сүрді, творчество ләззатын бір адамдай-ақ татты... «Жалған дүние» деген рас екен, аяқ астынан ауырып, мойын бұрғызбай алды да кетті Жаратқан Алла. Ер жігітке 61 жас деген не тәйірі?! Бүгінде біздің өзіміз Сейдахмет аға келген жастан асып кеттік. Ойлап отырсам, Сейдағаңдар сол кезде келген жасымен емес, еткен еңбегі, жеткен биігі, білім-парасатымен ел ағасы бола білген екен-ау! Бүгінде қазақта «нағыз шал жоқ», абыз ақсақал аз» деп жатамыз ғой, сол секілді жастар аузына қарайтын ел ағалары да азайып кетті. Кезінде солардың бірегейі – менің ұстазым Сейдахмет Бердіқұлов болатын. Рухыңнан айналайын, қазақ баспасөзінің чемпион қаламгері, жазушы, қайраткер, мәңгілік ұстазым Сейдағаң, Сейдахмет Бердіқұлов!   

Несiп ЖҮНIСБАЙҰЛЫ,

Сәкеңнiң шәкiртi, жазушы, қайраткер

 

Қолдау көрсеткен