Асылбек Қилымов – қазақтың күрзі жұдырығы
![Асылбек Қилымов – қазақтың күрзі жұдырығы](http://kazaips.kz/upload/1cdc292e8cb1aaae392ab1d95a8aeba3.jpg)
– Жақында бокстың сүйек майын шаққан шетелдік журналистің «Майк Тайсон – өз мүмкіншілігін, қабілетін 50 %-ға ғана жүзеге асырған боксшы» деген пікірін оқыдым. Төрткүл дүниені дүрліктірген Темір Тайсон өз мүмкіншілігін 50 %-ға ғана жүзеге асырған болса, қазақтың күрзі жұдырығы Асылбек Қилымов өз мүмкіншілігін 30-40 %-ға ғана жүзеге асырған сияқты. Неге?
– ... (біраз үнсіз отырып) Рахмет. Жақсы сұрақ. Шынымды айтсам осы сұрақты өзіме де көп қойдым. Осы сұрақтың жетегінде ой дариясына сан рет шомдым. Нақты жауабын таба алған емеспін. Көп нәрсені күні бүгінеге дейін түсіне алмай дал болам. Бәріне спортпен қоян-қолтық қабаттасып жүретін саясат кінәлі сияқты. КСРО тұсында азиялық боксшыларды көксетпеді ғой...
– Сонда өзіңізді «тоталитарлық жүйенің солақай саясатының құрбанымын» деп санайсыз ба?
– Бүгінде олай деп, өзімді тым жоғары бағалағым келмейді. Бірақ мен Сізге бір-екі мысал келтірейін. 1979 жылы Молдавияда КСРО чемпионаты болды. Оған қатысу үшін қала, облыс, спорт қоғамы және бүкілодақтық кәсіподақ спорт қоғамының біріншіліктерін жеңіп алу керек. Мен олардың үшеуін оңай жеңіп шығып, жеңімпаз атандым. Соңғысында ақтық бәсекеде жеңіп тұрсам да, прибалтикалық қарсыласымның қолын көтерді. Негізі, мұнда екінші орын алған боксшының өзін КСРО чемпионатына шақыртулары керек болатын. Бірақ мені ешкім шақыртпады. Бапкерім А.Драч бұрын Молдавияда қызмет еткен маман еді. Ол бірден өзінің бұрынғы таныстары арқылы мені Молдавияның құрамасының арасына қосып жіберді. Өйткені, ол кезде чемпионатты ұйымдастырушы республикаға өзінің командасын қоюға рұқсат берілетін. Сөйтіп мен Молдавия құрамасының сапында рингке шықпаймын ба? Қатысушылардың бәрі, әсіресе өз республикамыздан барғандар қазақтың қара домалақ баласы рингке жүгіріп шыққанда, күлкіге булықсын. Әбден ашынсам керек, қарсыластарымды алғашқы раундтарда-ақ нокаутпен жеңе бастадым. Содан басқа бапкерлер төрешілер алқасына наразылық білдіріп, мені чемпионаттан шығарып тастауға ұсыныс жасады. Бас төреші Олимпиада чемпионы, халықаралық дәрежедегі қазы Г.Шатков болатын. Ол кісі «бала талантты екен, сондықтан бағын байламайық. Тек ешқандай спорттық қоғамға (ведомствоға) ұпай қоспай, жеке өзі үшін өнер көрсетсін» деп әділеттік танытып, чемпионаттың аяғына дейін қатысуға мүмкіндік берді. Барлық қарсыластарымды түйреп шығып, чемпион атандым. Содан кейін ғана олар мені боксшы ретінде тани бастады.
Кейін КСРО құрамасының сапында өнер көрсете бастағанда да бапкерлердің кейбір қылықтарына түсіне алмай-ақ қойдым. Финляндияда өткен халықаралық турнирдегі бірінші жекпе-жекте қарсыласымды бірінші раундта-ақ нокаутқа жібердім. Құраманың бас бапкері Артем Лавров маған ұрысты. «Неге бокстеспейсің?» дейді. Екіншісінде нокаутқа түсірдім. Лавров тағы жер-жебіріме жетті. Үшінші жекпе-жегімде қашып-пысып жүріп алдым. Үзілісте Лавров мақтады. «Міне осылай жұдырықтасу керек» деп қояды. Соңғы раунд. Ішім сезіп жүр, ұпай санымен ұтылып жатырмын. Өйткені рингті айнала желігеннен басқа, істегенім шамалы. Босқа ұтылғым келмейді. Рингтің бұрышына келіп тығылдым. Оңтүстіккореялық қарсыласым жақындауға қорқып тұр екен. Қолдарымды төмен түсіріп, бетімді ашық қалдырдым. Бар пәрменімен жұдырығын сілтесін кеп. Маған да керегі осы еді. Бұғып қалып, лезде ту сыртына сытылып шығып кеттім. Ол арқанға асылып қалды. Айнала бұрылған бетте, маңдайдан отырғыздым. Сылқ етіп құлады. Нокаут. Лавров тағы ұрысты. Лавров – 48 келі салмақ дәрежесіндегі Ш.Сабировтың бапкері. Ал ең жеңіл салмақтағылардың, оның ішінде Шамильдің қалай жұдырықтасатынын білесіз. Ал мен түсінбеймін. Неге мен өзімді басқаға ұрғызып қоюым керек?!
– Кәсіпқой бокс болса, бір жөн деңіз. Көрермендерді қызықққа бөгу үшін промеуторларға боксшылардың неғұрлым көп жұдырықтасқаны керек.
– Иә, бұл әуесқой бокс. Мен рингке қарсыласымды жеңу үшін шықпаймын ба? Маған жеңіс керек! Ал Лавров...Содан Лавров табан қолғабын (лапа) киіп алып, 2 жыл мені баулыды. Қалай ұру керек екенін үйретті. Қазір ойласам, менің қатты соққыларым сол жаттығулардан соң құрдымға кеткен сияқты. Тағы бір түсінбейтінім, мені жаттығуларда ең ауыр салмақтағы боксшылармен спаррингке шығаратын. Ал мен 75 келідемін. Сонда мен өзімнің мықты екенімді 91 келіден жоғары салмақтағы, Әлем чемпионы болып табылатын боксшылармен дәлелдеуім керек па? Неге?
– ...
– Өзімде білмеймін неге екенін. Күні бүгінге дейін түсіне алар емеспін...
– Ең өкініштісі, халықаралық аренада елеулі жеңіске жете алмадыңыз. Оның да сыры бар ма?
– Ұзын-қысқасы 15 халықаралық турнирде жеңіс тұғырының ең биік сатысына шығып, сонша рет КСРО туын көкте желбіретіп, Әнұранын құйқылжыттым. Мұны мақтаныш етем. Ақ шаршы алаңдағы ең басты арманым Олимпиада чемпины болу еді. Жүзеге аспай қалды. Оның да себебі бар. 1984 жылы Олимпиадаға баратын КСРО құрамасының сапына 4 қазақ іліндік. Төрт қазақ! К.Әбдірахманов, С.Нұрқазов, С.Қонақбаев және мен. Бірақ Олимпиада қарсаңында бізге КСРО Лос-Анджелеске өз спортшыларын жібермейтіні туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. Өз басым жай соққандай, мең-зең болып қалдым. Осыдан кейін спортты саясат демей гөр. Ал сол Олимпиадада мен екі рет жеңген Оңтүстік Корея боксшысы Шин Джун-Соп чемпион атанды. Мен оны 1982 жылы 18 жасымда Финляндияда нокаутқа түсіргем. Жоғарыда айтып өттім ғой. Одан кейін 1983 жылы Тайландта таза жеңгем. Оның чемпион болғанын естігендегі жағдайымды, сөзбен айтып жеткізе алмаймын.
– Сіз рингте ойнақ салып жүргенде жастау едім. Боксты да көп түсіне бермейтінмін. Сонда есімде қалғаны теледидардан репортаж жүргізушілер «Қилымов соққысы тау құлатарлықтай тамаша боксшы, бірақ техникасы шорқақтау» дейтін.
– Түріме қараңызшы. Техникасы нашар болған боксшыға ұқсаймын ба? Қазір бұрын боксшы екенімді білмейтін таныстарым таң қалады. «Бетіңде ешқандай соққының ізі жоқ» деп.
– Ал онда рингтегі кемшілігіңіз не еді, артықшылығыңызды білеміз?
– Көбінесе екі қолымды төмен түсіріп жүретінмін. «Мә ұр» деген сияқты.
– Соққыңыздың қуатты болуы табиғи жаратылтан ба, әлде жаттығулар арқылы қол жеткізген жетістігіңіз бе?
– Табиғи жаратылыстан Тәңірдің берген сыйы шығар. Ауылда өстік. Үйде мал, бау-бақша болатын. Олардың бәріне су керек. Құдықтан қауғамен су тартатынмын. Екі шелекті иін ағашқа іліп, екеуін қолға ұстап, таситынбыз. Қысқа отын дайындау үшін, қол арамен аралап, балтамен ағаш жаратынмын. Мүмкін осы жұмыстардың да септігі тиген шығар. Жалпы, мен рингте 216 жекпе-жек өткізіп, оның 82 %-ын ағына жеткізбей аяқтадым. Яғни нокаутпен немесе айқын басымдылықпен. КСРО құрамасының сапындағы жаттығуларда соққымды тексергенде 724 келіні көрсеткен. 1982 жылы Германиядағы халықаралық турнирде кейіннен Олимпиада (1988 ж.), Әлем (1989 ж.) және үш дүркін Еуропа (1985, 1987, 1989 жж.) чемпионы болған неміс боксшысы Генри Маскені нокаутпен жеңдім. Осы жекпе-жектен кейін ағылшын промеуторы 1,5 млн фунт стерлингке кәіпқой боксқа ауысуға ұсыныс жасаған. Бірақ ол кезде ондай ұсынысты қабылдамақ түгілі, ойлауға тыйым салынатын. 1989 жылы хоккейші Могильный НХЛ-ға кетіп қалғанда қандай шу болып еді. Оны «Отанын сатқан опасыз, дезертир» деп айыптаған жоқ па еді? Ал бұл одан 7 жыл бұрын болған оқиға еді.
– Бокстан неге тым ерте, 23 жасыңызда Олимпиада ойындарына бір жыл қалғанда кеттіңіз?
– Жалықтым. Рингте өткізген 10 жыл өмірімде әділеттік те көрдім дей алмаймын. Ал Олимпиадаға баратын құраманың сапына мені алатындарына сенімді болған жоқпын. Сол себепті 1987 жылы қолғабымды тастадым.
– Ешкім «қал, қолғабыңды шешпе» деген жоқ па? КСРО құрамасының сапында қазақстандық бапкерлер де жүруші еді ғой.
– Жоқ.
– Неге бапкер болмадыңыз? Мүмкін өзіңіз жетпеген белестерге шәкірттеріңізді шығарар ма едіңіз?
– Жаттықтырушы болдым ғой. Басында мемлекеттік жаттықтырушы болдым. Содан кейін өзімде жас балаларды баптап көрдім. Бірақ өзіме бапкерлік менің табиғатыма келмейтін сияқты болып көрінді де, бұл кәсіптен де қол үздім.
– Сөйтіп біраз жылдар бокс, жалпы спорт әлемінен көрінбей кеттіңіз. Қазір қайдасыз, немен шұғылданасыз?
– Жобалық кешенді бағдарламаларымды іске асырумен айналысам.
– Үлкен спортқа деген өкпеңіз қара қазандай ма деймін?
– Жоқ өкпелі емеспін. Бірақ өз мүмкіншіліктерімді толық жүзеге асыра алмағаныма қапаланатын шығармын. Соның табы шығар сырт көзге ұрынып тұрған?
– Әлбеттте спортшылардың бәрі дерлік «спорт менің өмірім, тіпті бойымдағы қаным» деп үздігіп тұрады ғой. Сізден боксқа деген ондай сүйіспеншілік байқалмайды.
– Бокс, яғни спорт менің өмірім емес, өмірім мен өмірбаянымның бір бөлігі ғана.
– Қазіргі боксшылардың өнерлерін қадағалап отырасыз ба?
– Әрине. Олардың жетістіктеріне, әсіресе Олимпиададағы жеңістеріне мен де ерекше қуандым. Бұл жерде АІВА-ның бірінші вице-президенті Бекет Махмұтов ағамыздың да еңбегі телегей-теңіз екенін атап өткен жөн.
– Әттең, сіздердің кездеріңізде тап осы Бекет Махмұтовтай өзгелерге сес болар асқар таудай ағаларыңыз болмады ғой...
– Болған жоқ. Сол кезде Бекет Сапабекұлындай беделді ағамыз болғанда қазақтан шыққан Олимпида чемпиондарының саны едәуір көп болар еді. Бір Серік Қонақбаевтың өзі-ақ біраз белесті бағындырар еді ғой.
– Бұрынғы спортшылардың кейбіреулері саясатпен да айналысып жүр. Сіз бұл салада өзіңізді тексеріп көрген жоқсыз ба?
– Жоқ, саясатпен айналысуға зауқым жоқ Өйткені менің оған икемім келмейді. Бірақ іс бабымен екі ірі шараның жүзеге асуына мұрындық болдым. 2001 жылы Рим Папасының Қазақстанға келуіне тікелей қатысты екенімді мақтан тұтам. Және 2003 жылы Астанада Әлемдік религиялар съездін өткізуге де ет жақын араластым. Екеуі де менің өмірімнің ең жарқын, әрі елеулі сәттері.
Сұхбаттасқан Нұрғазы Жаппарұлы
2005 жыл, күз
Фотолар — ғаламтордан
![Асылбек Қилымов](/upload/7db6f6c460cb91a9b273859cf3d88279.jpg)
![Асылбек Қилымов](/upload/e9f2ac6d0888cf5fd8e1872bf206bb9a.jpg)