«Спорт басылымдары федерациясы» Қоғамдық қоры

Сүйінші! Ләззат Жүсіпова пара-каратэден тарихи жүлде жеңіп алды

Сүйінші! Ләззат Жүсіпова пара-каратэден тарихи жүлде жеңіп алды

Бүгін Мысырдың астанасы Каир қаласында пара-каратэден (WKF) әлем чемпионаты аяқталды, деп хабарлады Қазақстан каратэ федерациясының баспасөз қызметі.

Биылғы додада Қазақстан құрамасының қоржынына 1 қола жүлде түсті. К10 категориясында (зағип/көзі нашар көретін спортшылар) сынға түскен отандасымыз Ләззат Жүсіпова үздік үштікке кірді. Жаттықтырушысы - Мейрамгүл Дукуева.

Спортшы 2017 жылдан бері әлемдік додаға қатысып келеді. Бұл - Қазақстан қоржынына пара-каратэшілер арасында түскен алғашқы жүлде.

Жалпы, Каирдегі бәсекеге пара-каратэден Қазақстан командасы сапында 3 спортшы жолдама алып, өнер көрсетті.

Олар:

Назгүл Ізмағамбетова (K30, тірек-қимыл жүйесі зақымданған спортшылар)

Дидар Мұхамеджанов (K30, тірек-қимыл жүйесі зақымданған спортшылар)

Ләззат Жүсіпова (K10, соқыр/көзі нашар көретін спортшылар)

Биыл көктемде Ташкент қаласында өткен пара-каратэден IV Азия чемпионатында Қазақстан командасы 2 алтын, 1 күміс, 4 қола медаль иеленіп, керемет нәтиже көрсеткен. Ол кезде Ләззат Жүсіпова мен Назгүл Ізмағамбетова алтын, Дидар Мұхамеджанов қола жүлдегер атанған.

Пара-каратэден әлем чемпионаты 2014 жылдан бастап Халықаралық каратэ федерациясының (WKF) бағдарламасына қосылып, содан бері тұрақты өтіп келеді.

Пара спортшылар барлық жарыста тек ката, яғни жекпе-жексіз, тек жекелей жаттығулар жиынтығын көрсету дисциплинасында сынға түседі.

 

Фото: Халықаралық каратэ федерациясы (WKF)

Қолдау көрсеткен