«Спорт басылымдары федерациясы» Қоғамдық қоры

Еуропа чемпионатының қосымша жолдамасы үшін додаға түсеміз

Еуропа чемпионатының қосымша жолдамасы үшін додаға түсеміз

Футзалдан 2026 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу ойындары көмбесіне таяды. Екі топта ғана соңғы турдың ойындары қалды. Әйтсе де, қазірдің өзінде қосымша төрт жолдамаға таласатын құрамалар белгілі болды. 

 

Қазақстан құрамасы екінші орын алған командалардың ішіндегі сегіз үздіктің сапына ілікті. Бұл – соңғы мүмкіндік. Енді, екі матчтық «өтпелі» ойындардың қорытындысы бойынша, жеребе арқылы анықталатын қарсыласынан басым түсуі керек.

Бұған дейін жазғанымыздай, 10 іріктеу тобындағы екінші орын алғандардың сегізі ғана, яғни техникалық көрсеткіштері жоғарылары қалған төрт жолдамаға таласады. Қазақстан құрамасы осы сегіздікке ілікті. Біздің футзалшылар сияқты басқа топтардағы кейбір құрамалар да қапелімде сүрініп, ұпай жоғалтты.

Мұндай, кездейсоқ нәтижелер (сенсациялар) ретінде, Румыния құрамасының Германиядан (1:2), Грекия футзалшыларының соңғы екі ойында сегіз доп айырмасымен (0:6 және 2:4 есептерімен) ұтылғандпрын айтуға болады.

Алайда, оның бәрін тізіп қайтеміз, ең бастысы, Қазақстан құрамасы екінші орын алған командалардың ішінде «үздік» сегіздікке ілігіп отыр. Енді, 21-мамырда осы сегіз құрама арасында жеребе тартылады. Содан соң 15 және 24 қыркүйек күндері қосымша төрт жолдама сарапқа салынады.

Әрине, екінші орын алған құрамалардың ішінде де осалы жоқ. Ешқайсы да, Қазақстан футзалшыларымен 6-іріктеу тобында бірге ойнаған Армения мен Даниядан кем түспейтін шығар. Десек те, Италиямен бір жұпқа түспесек екен деп тілейміз. Бәрі де қыркүйекте белгілі болады...

Айқын ЖАППАР

Қолдау көрсеткен