«Спорт басылымдары федерациясы» Қоғамдық қоры

Жәмилә Бақбергенова – Тирана төрінде топ жарды

Жәмилә Бақбергенова – Тирана төрінде топ жарды

«Muhamet Malo – 2025» халықаралық рейтингтік турнирінде әйелдер күресінен екі жүлде олжаладық. Жәмилә Бақбергенова жеңімпаз атанып, Эльмира Сыздықова қола жүлде еншіледі.

 

Жәмилә Бақбергенова күрес түрлерінен Албания астанасында өтіп жатқан рейтингтік турнирде жеңіске жетті. 72 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынауға балуандар аз тіркеліпті. Сондықтан әлемнің төрт таңдаулы қызы арасындағы жеңімпазды анықтау үшін бір айналымдық жүйе қолданылды.

Бәрі де үш белдесуден өткізді. Жәмилә, әуелі украин қызы, Әлем чемпионатының қола жүлдегері Алла Белинсканы ұтты – 3:1. Ал Америка аруы Александриа Глауд аргентиналық Линда Мачукадан басым болды (5:1).

Екінші турда Жәмиләнің бағы жанбады. 2021 жылғы Панамерика чемпионы, бойжеткендер арасындағы Әлем чемпионатының қола жүлдегері Александриа Глаудқа есе жіберіп алды (2:7). Белинска өз кезегінде Мачуканы ұтты (4:0).

Үшінші тур шешуші кезең болды. Әуелі Белинска мен Глауд арасындағы белдесу өте тартысты болып, Украина қызы жеңіске жетті (4:3). Ал Жәмилә Панамерика-2024 турнирінің күміс жүлдегері Аргентина қызы Линда Мачукамен белдесті.

Белдесу тартысыты өтіп, есеп 5:5 болып тұрған. Бірақ боз кілемдегі күрестің соңына қарай Жәмилә қарсыласын алып ұрды! Сөйтіп, Тирана турнирінде екінші рет жеңіске жетті. Алла Белинска екеуі тоғыз ұпайдан жинағандарымен, өзара кездесуде Бақбергенова оны ұтқан. Осылай алтынмен апталды. АҚШ қызы жеті ұпаймен үшінші болды.   

76 келіде бақ сынаған тағы бір танымал қызымыз, яғни Эльмира Сыздықова қола медаль иеленді. Ол бірінші айналымда ресейлік Валерия Трифоновадан үстем түсті (8:0). Ширек финалда Румыния қызы Александра Анжелді де айқын басымдықпен жеңді (12:1).

Өкінішке қарай, жартылай финалда Америка аруы, 2022 жылғы бойжеткендер арасындағы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Д.Гильфордқа есе жіберіпи алды (1:14). Ал, қола медаль үшін өткен белдесуде қытай қызы И.Иангладан басым түсті (туше).

Әлгі американың 25 жастағы қараторы қызы «сұмдық» екен. Финалда қырғыз ағайындарымыздың әйгілі аруы Айпері Медетқызымен күресіп, тартысты өткен белдесуде жеңіске жетті (2:1). Сөйтіп, Тирана турнирінде теңдессіз болды.

Айтпақшы, Тирана турниріне тағы бір қызымыз қатысқан. Бірақ 50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Светлана Анкичева ширек финалдан аса алмады.

Әйелдер күресінен жалпы командалық есепте 48 ұпаймен 6-орынға ие болдық. Жапония қыздары (158 ұпай) көш бастап, одан кейінгі орындарға Украина (110), АҚШ (109), Қытай (88), Канада (57) құрамалары орналасты. Қырғыз арулары 36 ұпаймен 9-орынды қанағат тұтты (барлығы – 20 құрама).

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Албаниядағы турнирде еркін күрестен 3 медаль алғанбыз. Таратып айтар болсақ, Болат Сақаев (86 келі) – күміс, Рустам Мырзағалиев (86 келі) және Мұхамед Балғабай (61 келі) – қола.

Нұрғазы Жаппарұлы

Қолдау көрсеткен