«Спорт басылымдары федерациясы» Қоғамдық қоры

Қызылорданың қары мен Сәтбаевтың премьер-лигадағы бірінші голы

Қызылорданың қары мен Сәтбаевтың премьер-лигадағы бірінші голы

Қазақстан премьер-лигасында бірінші турдың ойындары түгелдей аяқталды.

 

Бірінші турдағы жеті ойында 11 гол соғылды. Төрт матч тең аяқталып, үшеуінді алаң иелері жеңіске жетті.

Қызылорданың «Қайсары» алаңға тек өз футболшыларымызды шығарып, көпшілікті қайран қалдырды. Команда құрамында бірде-бір легионер жоқ. Өкінішке қарай, екінші таймда толассыз қар жауып, ойыншыларға қолайсыздық туғызды. Алайда доп ауыстырылған жоқ. Әлбетте, аппақ қардың үстінде ала доппен емес, қызыл доппен ойнаған ыңғайлы еді.

Матч барысында Ғ.Мұратбаев атындағы стадион қызметкерлері айып алаңы сызықтарын қардан тазартып отыруға тырысты. Оларға «Қайсардың» қақпашысы Нұрымжан Салайдин көмектесіп, бұл ойын осы бір сәтімен көпшілік есінде қалды.

Биыл құрамын біршама нығайтып алған «Тұран» өз алаңында «Оқжетпестен» басым түсті. Бұл ойында өзбек шабуылшысы Шахбоз Умаров етрекше көзге түсті. Гол да соқты, пас та берді.

«Оқжетпес» те матчты тек отандық футболшылармен бастады. Тек екінші таймда, нақтырай айтқанда, 62-минутта, сербиялық легионері С.Йовановичті Д.Мараттың орнына шығарды. Мұны да айта кеткен жөн болар.

«Қызыл-Жар» мен «Жетісу» Петропавлда емес, Қостанайдағы «Тобыл-Аренада» додаға түсіп, тең түсті. Бұл да ауа-райына байланысты жабық стадионда өткізілген матч еді. Ойын тең дәрежеде өтті.

Футбол жанкүйерлері асыға күткен ойын «Астана» мен «Қайрат» арасындағы кездесу еді. Маусым басындағы матч болғандықтан «шектен тыс шиеленісті болды» деп айта алмаймыз. Екі команда да әлі баптарына келе қоймағандай.

Бірінші таймда алаң иелері сәл ширақ көрінгенімен, матчтың екінші жартысында қонақтар көсіле шапты. Қайраттық Дастан Сәтбаев соққан гол жанкүйерлерді дүр сілкіндірді. Себебі «Астана-Аренаға» жиналған жанкүйердің көбісі дәл осы жас талантты көруге келген еді.

Сонымен, өз алаңында ұтылып қалмағанына «Астана» да ырза, түзден бір ұпай олжалап қайтқан «Қайрат» та ырза, жас талант Сәтбаев көңілдерінен шыққан көрермендер де ырза, бәрі де – ырза. Негізі, қызықсыз ойын болған жоқ, тартысты өтті.

«Қайсар» (Қызылода) – «Жеңіс» (Астана) – 0:0

«Тұран» (Түркістан) – «Оқжетпес» (Көкшетау) – 2:0 (1:0)

Голдар: Умаров, 32. Згурский, 69.

«Қызыл-Жар» (Петропавл) – «Жетісу» (Талдықорған) – 1:1 (1:0)

Голадар: Жарынбетов, 24 (1:0). Шмидт, 77 (1:1)

«Астана» – «Қайрат» (Алматы) – 1:1 (1:0)

Голдар: Томасов, 40 (1:0). Сәтбаев, 67 (1:1).

Нұрғазы Жаппарұлы

Қолдау көрсеткен