«Спорт басылымдары федерациясы» Қоғамдық қоры

Сүйінші! Назым Қызайбай – үш дүркін Әлем чемпионы

Сүйінші! Назым Қызайбай – үш дүркін Әлем чемпионы

Бокстан Сербияда өтіп жатқан әйелдер арасындағы Әлем чемпионатының финалдық жекпе-жектері қазақ халқы үшін өте сәтті басталды.

 

Қазақтан шықты, үш дүркін Әлем чемпионы! 48 келі салмақ дәрежесіндегі Назым Қызайбай бокстан үшінші рет дүниежүзі біріншілігінде топ жарды. Бұл – қыздарымыз түгілі, жігіттеріміз қол жеткізе алмай жүрген ерен жетістік.  

Финалда Назым ресейлік Юлия Чумгалаковамен жұдырық түйістірді. Қарсыласы оңай шағылатын жаңғақ емес еді – екі дүркін Еуропа чемпионы. Әрі бұл жекпе-жекке құрған арнайы тактикасы да бар екен. Қазақ қызын шыр айнала ұрып, бір орында тұрмауға тырысты.

Бірақ оған көне қоятын Назым бар ма?! Қолдарының сәл ұзындығын кәдеге асыра отырып, қай жағынан келсе де, тура соққылары дарыта білді. Ең бастысы, үш раунд бойы шаршағанын сездірмеді. Қарқынын бәсеңдетпей, тактикалық тұрғыда сауатты өнер көрсетті.

Сөйтіп, 5:0 есебімен жеңіске жетіп, үшінші рет Әлем чемпионы атанды. Бұған дейін ол 2014 және 2016 жылдары алтынмен апталған. Әрі 2024 жылғы Олимпиада ойындарында қола жүлдеге қол жеткізген. Батыр қыз. Чемпион қыз бүгін қазақ халқын қуанышқа бөледі.

Айқын Жаппар

Қолдау көрсеткен