«Спорт басылымдары федерациясы» Қоғамдық қоры

Үш қызымыз – Әлем чемпионы

Үш қызымыз – Әлем чемпионы

Бокстан Сербияда жалауы желбіреген әйелдер арасындағы Әлем чемпионатын Қазақстан қыздары көңілге қонымды нәтижемен аяқтады.

 

Қазақстанның боксшы қыздары барлығы 6 медаль жеңіп алды (3 алтын, 2 күміс, 1 қола). Бүгінгі жеңістерімізді 48 келі салмақ дәрежесіндегі Назым Қызайбай бастап, бокстан тұңғыш рет үш дүркін Әлем чемпионы атанған қазақ болды. Бұл – тарихи жетістік.

Бұдан кейін шаршы алаңға 50 келі салмақтағы Алуа Балқыбекова шығып, Қытай қызы Ху Мэйимен жұдырық түйістірді. Әрі сауатты тактикасының арқасында 5:0 есебімен жеңіске жетті. Сөйтіп, ол Әлем чемпионатары жүлдесінің толық жиынтығын еншісіне жазды. Алтын – 2025 жыл, күміс – 2022 жыл, қола – 2023 жыл! Бұл да – ерен жетістік.

Ел қоржынына үшінші алтынды 63 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Аида Әбікеева салды. Ол финалда Таиланд қызы Тананья Сомнуекпен кездесті. Қарсыласы алға қарай ентелеп, тізгін тартуды білмейтін жанкешті спортшы екен. Бірақ Қазақ елі аруы оның соққыларының көбісін өзіне дарытпай, сытылып кетіп отырды. Ал өзінің әрбір соққысын діттеген нүктесіне тигізуге тырысты. Жеңіс! Есеп – 5:0.

60 келі салмақта бақ сынаған Виктория Графеева күміс жүлдені қанағат тұтты. Ол финалда ресейлік Нуне Асатрянмен кездесіп, төрешілердің бірауызды шешімімен ұтылып қалды. Викторияға бұйырғаны күміс медаль болды.

81 келіден жоғарғы, ең ауыр салмақта ел намысын қорғаған Елдана Тәліпова да күміс медаль еншіледі. Финалда Қытай қызы Илян Чжанға есе жіберген жоқ сияқты еді. Тіпті бірінші раундта теңселтіп, есінен тандырғандай болған. Алайда төрешілер шешімі басқаша болды. Есеп – 1:4. Бұл жерде жалпыкомандалық есеп ескерілуі де мүмкін...

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан құрамасының еншісінде енді бір медаль бар. Қола жүлдеге 70 келі салмақта өнер көрсеткен Наталья Богданова ие болғанын өздеріңіз де білесіздер.

Әлихан Түсіп

Қолдау көрсеткен