Несіп Жүнісбай – Азия спорт журналистері одағының кеңесшісі

Қарашаның 30 мен желтоқсанның 3 аралығында Кувейтте Азия спорт журналистері одағының XVI конгресі өтті.
«Сарықұрлықтағы» спорттық басылымдардың іріктеулі қызметкерлері қатысқан конгресте Азия спорт журналистер одағы өткен төрт жылдық кезеңге есеп беріп, алдағы төрт жылға жаңа басшылық сайланды. Сайлау барысында Азия спорт журналистер одағының президенті болып бір ауыздан кувейттік Файзал әл-Канай сайланды.
Презиенттің кеңесшісі болып, осы конгреске қатысып қайтқан қазақ спорт журналистикасының майталманы, Қазақстан спорт баспасөзі қауымдастығының президенті Несіп Жүнісбайұлы сайланды.
Ал Бас хатшы қызметіне ирандық белгілі спорт журналисі Әбдул Хамит Ахмет Сайд сайланған. Қытайдың спорттық басылымдары қауымдастығының басшысы Жанг Хайфенг Азия спорт қауымдастығының бірінші вице-президенті қызметін атқаратын болып бекітіліпті. Сондай-ақ Азия спорт журналистері одағының бес вице-президенті сайланды.
Кувейттегі конгреске Халықаралық спорт қауымдастығының (AIPS) президенті италияндық Джанни Мерло, Кувейттің ақпарат министрі және басқа да шенеуініктер қатысты.
Сонымен қазақ спорты саласында 40 жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан Несіп Жүнісбайұлы енді өмірде жинаған мол тәжірибесін Азия спорт журналистер одағымен бөліспек.
Бұл жөнінде AIPS-тың ресми сайты "Файзал әл-Канай өзінің арнайы кеңесшісі ретінде Қазақстан спорт баспасөзі қауымдастығының президенті Несіп Жүнісбайұлын бекітті" деп ақпарат таратты.
Сонымен қатар, AIPS-тың ресми сайты «ал 30 жылдан астам уақыт бойы Азия спорт журналистер одағын басқарған Корея ақпараттық баспасөз құралының ардагері Г.Чул Парк Кувейттегі конгреске келе алмады және өз кандидатурасын келесі төрт жылдық кезеңге Президент болуға ұсынған жоқ» деп мәлімдеді.
Осы лауазымды қызметке жаңадан сайланған Файзал әл-Канай «Азия спорт журналистер одағын бірнеше жыл басқарған Парк мырза біздің құрметі президеніміз болып қала береді» дегенде залдағылар ду қол шапалақтап, мұны жылы қабылдаған.
Конгресс соңында AIPS Президенті Джанни Мерло жаңа сайланған Азия спорт журналистер одағының Атқару комитеті құрамын құттықтап, осындай қиын-қыстау кезеңде азиялықтардың татулық пен бірліктің үлгісін көрсете отырып, бірауыздан жаңа басшы сайлағандарына ризашылығын білдірген. Содан соң AIPS-тің Азия спорт журналистер одағына, әсіресе Палестинаға көмектесіп отыратындығын баса айтқан.
02.12.2012 жыл