«Спорт басылымдары федерациясы» Қоғамдық қоры

Өзімізге-өзіміз ор қазып жүрген жоқпыз ба?

Өзімізге-өзіміз ор қазып жүрген жоқпыз ба?

Үйдегі көрпе-жастықты далаға шығарып, бір-бір қағып-сілкіп алатынымыз сияқты, Қазақ спортын да екі жылда бір рет «сілкілеп» аламыз. Нақтырақ айтқанда, әрбір Олимпиада және Азия ойындарынан соң біздің қоғам ел спортын «сынап-талдауға» (разбор полетов) белсене араласады. Бұған да шүкір...

Париж Олимпиадасынан кейін де «сынап-талдау» үрдісі күн тәртібінен тыс қалған жоқ. Бірақ тым қысқа қайырылған сияқты. Әдеттегідей, басты себептері атүсті ғана айтылды. Алайда, менің ойымша, ешқайсы да бүге-шігесіне дейін мүшеленіп-жіктелген жоқ.

Мәселен, жақында ғана Мемлекет басшысы ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарының жүлдегерлерімен кездесіп, біраз мәселені атап өтті. Бұл ретте, мен «...олимпиадалық спорт түрлерінің резервін толықтыратын қабілетті балалар жетіспейді, сайып келгенде спорттағы жоғары жетістіктердің нәтижесі нашарлайды» – деген сөздеріне айрықша назар аударғым келіп отыр.

Неге «қабілетті балалар жетіспейді»?! Біздің елде, Президенттің сөзімен айтқанда, «500-ден астам Балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі бар» емес пе?. Қайда олардың түлектері?! Бәрі бірдей қол қусырып, «ай қарап» жүрген жоқ шығар? Міне, біз сіздермен осы мектептердің дарынды спортшылары мен үздік шәкірттерін іздеуге тырысайық.

Бізде де (!) әлемдегі барлық елдердегідей, әр спорттың түрінде (!) бірнеше құрама бар. Олар:

Ұлттық құрама;

Жастар құрамасы;

U-20 жасөспірімдер құрамасы;

U-18 жасөспірімдер құрамасы;

U-16 жасөспірімдер құрамасы;

Тіпті U-14 жеткіншектер құрамасы және т.б.

Осылардың әрқайсының бапкерлері бар. Бірақ тек Ұлттық құраманың ең жауапты жаттықтырушысы «Бас бапкер» деп аталады. Ал қалғандарының жауапты бапкерлері «Аға жаттықтырушы» деп тіркеледі, қағаз жүзінде. Түптеп келгенде, бәрінің мақсаты – Ұлттық құрамаға резерв дайындау. Сондықтан бәрі тығыз байланыста болулары керек.

Ал бізде қалай? Бізде әр құрамадағы аға жаттықтырушы өзін «Бас бапкер» санайды. Тек жүлде алып, чемпион шығаруды ойлайды. «Ұлттық құрамаға талантты ізбасар дайындау» деген сөз жайына қалатын сияқты. Өйткені біз бапкерлер деңгейін алған жүлделерімен «таразылаймыз». «Бәленбай Әлем чемпионын шығарған» деп әспеттейміз...

Жоғары қызметке тағайындағанда, еңбек жолына үңіліп, «жасөспірімдер арасында осыншама Әлем чемпионын шығарған» деп, төбемізге көтереміз. Бірақ сол шәкірттерінің нешеуі Ұлтты құрамаға іліккеніне мән бермейміз. Ол жағын мүлде есептемейміз. Ал менің ойымша, әлгі «чемпиондардың» үлкен спортта қалатындары – некен саяқ.

Себебі, әр жас санатындағы жасөспірімдер құрамасының «бас бапкерлері» тек чемпион шығаруды ойлап, қарамағына келген (қолына іліккен) талантты жастардың бар күш-жігерін сарқып алады. Бойындағы бүкіл қабілеті мен мүмкіндігін жұмсауды талап етеді. Осылай бірнеше баспалдақты құрамалардан өткен жастардың көбісі... Ұлттық құрамаға жетпей, қатардан шығып қалады.

Мысалы! Өздеріңіз білесіздер, 2010 жылы Сингапурда бірінші рет жасөспірімдер арасындағы жазғы Олимпиада ойындары өтті. Сол дүбірлі додада біздің жас таланттарымыз 2 алтын, 2 күміс және 2 қола медаль олжалады. Негізі, 3 алтын алғанбыз. Бірақ біреуі «Аралас құрама» сапында иеленген жүлде болғандықтан біздің еншімізге жазылмады.

Осы Олимпиада ойындарында Жәнібек Қандыбаев деген балуанымыз грек-рим күресінен, 69 келі салмақта бақ сынап, чемпион атанды. 42 келіде белдескен Ақан Баймағанбетов деген баламыз қола жүлдегер атанған-тын. Ал дзюдошы Қайрат Ағыбаев құрлық аралық Аралас зқұрамалар сапында белдесіп, жеңімпаз атанған.

Айтыңыздаршы, осы балалар қайда?! Токио Олимпиадасы осы жігіттердің ел қоржынына олжа салар шақтары емес пе еді? Неге көзіміздің қарашығындай сақтамадық?! Кім кінәлі? Кім жауапты? Бұлар тек білетіндеріміз ғана ғой. Біз білмейтін қаншама талантты спортшы осылай ізім-қайым «жоғалып» жатыр?!

Жақында, бұрынғы өзімнің жазған мақалаларымды қарап отырып, 2013 жылы Болгарияда өткен 15-16 және 17-18 жастағы қыздар арасындағы Әлем чемпионатында Қазақстан бойжеткендерінің 16 (1+6+9) медаль еншілегендерін оқып қалдым. Қазір солардың бірен-сараны ғана Ұлттық құрама сапында жүр...

Мынау не сұмдық? Бұл не болғаны, сонда? Ұлттық құрамаға дейінгі, яғни «жолдағы» білікті «бас бапкерлер осылай жас таланттарымыздың «сыққанда сөлін, қысқанда қанын» алып жүре бере ме? Бізде тіпті, бір спорт түрінде Ұлттық құрама еуропалық маманның ақыл-кеңесіне жүгініп жүр. Ал жасөспірімдер арасындағы құрамалардың біріндегі жас маманымыз оңтүстіккореялық әдіспен жаттықтырып жүр, шәкірттерін.   

Бәріңізде футболды жақсы көресіздер ғой. Байқасаңыздар, Еуропа футболында осы мәселе дұрыс жолға қойылған. Барлық құрамалар арасында байланыс бар. Бәрі Ұлттық құрамадағы бас бапкердің саясатына құлақ түреді. Мысалы, биыл жазда Еуропа чемпионы болған Испания құрамасын алайық.

Испания құрамасының тізгіні – қазір Луис де ла Фуэнте деген маманның қолында. Ол 2013-2018 жылдары U-19 құрамасын жаттықтырды. Әрі 2015 жылы Еуропа чемпионы болды. 2018-2022 жылдар аралығында U-21 құрамасын жаттықтырып, 2019 жылғы Еуропа чемпионатында топ жарды. 2021 жылдан бастап, Олимпиадалық құраманы да қоса жаттықтырып, Токиода финалға дейін жетті. Ал 2022 жылдан бері өз елінің Ұлттық құрамасын баптайды. Яғни өз шәкірттерімен бірге «өсіп» келеді.

Біз осылай, таланты жас спортшыларымызды Ұлттық құрамаға жеткенше әбден зорықтырып-болдыртып, көбісінен көз жазып қаламыз. Олардың көбісі берерін беріп, әрі қарай еңсе тіктей алмай, қатардан шығып қалады. Ал олармен деңгейлес болған қыз-жігіттеріміз кезінде «керек болмай» қалғандықтан... спортты тастап кетеді.

Иә, иә... кезінде мінезі немесе түрі ұнамай қалған, құрама сапындағы спортшыларға бәсекелес болып жүрген спортшыларымызды дәл осылай, ең соңында таппай қаламыз. Бұл түйін бокста ғана – жеңілдеу. Өйткені «көңілі қалғандар» мен құрамаға ілікпегендердің кейбіреулері кәсіпқой бокста жүреді. Оларды қайтару – оңай.  

Ал басқа спорт түрінде – өте қиын. Ұлттық құрама сапын кімдермен толықтыруымыз керек? Қайдан табамыз дайын спортшыны? Міне, легионер тарту мәселесі осы кезде тығырықтан шығар жол болып кетеді. Жеме-жемге келгенде біздің боксымызда да «легионерлер» бар ғой...

«Иісі қазақ», «сүті қазақ» деп, өзімізді жұбатқанымызбен бокстан да «легионерлерге» иек артып жүрміз ғой. Мен өзім білетіндерім мен есіме түскендерді жазайын, сіздер артынан толықтыра жатарсыздар: Ердос Жаңабергенов, Бақыт Сәрсекбаев, Қанат Ісләм, Әділбек Ниязымбетов, Сәкен Бибосынов, Аман Қонысбаев... Осындай күрзі жұдырықты жігіттерді дайындап беріп отырған Өзбекстанға – рахмет!

Айтпағым, біздегі жоғарыда аталған құрамалар арасында байланыс жоқ сияқты. Барлық құрамалар нақты бір жүйе негізінде жаттықтырылмайтындай да секілді. Медаль, мансап, сыйақы дегенде, «алтын көрсе, періште жолдан таяр» деген мәтелдің «құрбаны» болып кететіндейміз...

Қолдау көрсеткен