«Еуро-2024» додасының іріктеу турнирі

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2022/23 жылдар маусымында өрнекті ойын үлгісін көрсетіп, өз алаңымызда Финляндия құрамасынан ұтылып қалсақ..., о, тоба, соған қатты қапа болатын хәлге жеттік. Керемет!
Әріге бармай-ақ, 2021 жылды еске алсақ, түзде Франциядан 0:8 есебімен, ал өз алаңымызда Босния мен Герцеговинадан 0:2 есебімен ұтылғандарымызды «ұмыттық»... Ал осындай деңгейге қалай жеттік? Мен осыны саралап көрсем деп едім. Бағалап, оң-терісін айту – сіздерден..
Деңгей
Мойындауымыз керек, «өгіз аяңмен» болсын, «тасбақа жүріспен» десек те, Қазақстан чемпионатының деңгейі өсіп келеді. Көршілес елдердің футболшылары біздегі жалақыға қызығады. Біздің ойыншылар әртүрлі себептермен алаңға шыға алмаса да, жаттығу жұмыстарында шыңдалып келе жатқандай (Бізде тек білікті бапкерлер, стратег-тактик мамандар аздау секілді. Бұл бірақ – басқа әңгіме, басқа тақырып).
Басшы
ҚФФ президенті ұлттық құрамаға, бапкерлеріне ерекше көңіл бөлетіндей. Өз міндеттерін алаңсыз атқаруларына жағдай жасап жүр. Содан соң, олармен «ет жақын» араласып, ешқандай «ара қашықтық» ұстамайтындай. Олармен сөйлескенде «шеттен тыс шенеуніктік әдет» ұстанбайтындай.
Физикалық дайындық
Қазір Қазақстан ұлттық құрамасында «Физикалық дайындық бапкері» (тренер по физподготовке) қызметін Ерлан Ибраим деген жерлесіміз атқарып жүр. Бұл жағынан футболшыларымыз едәуір өсті. Бұрынғыдай емес, 90 минут тұрмақ, 100 минутқа да шыдайды. Сырттай «қатал бапкер, темірдей қатаң тәртіпті талап етеді» деп естиміз.
Бір-екі рет ұлттық құраманың матч алдындағы жаттығуында болдым, 15 минут қарап тұруға рұқсат беріледі ғой. Байқағаным, футболшыларды көзімен (!) басқаратын секілді. Дауысы өктем, көзі өңменіңді тесіп жіберетіндей екен. Сырттай білемін. Осыдан бірер жыл бұрын жеңіл атлетикадан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері болған.
Алайда, неге екені белгісіз, осы маман жайлы мүлде айтылмайды. Мүлде! Әрі ештеңе! Өзі де тым «жасырын» адам секілді. Тек «Қайрат», «Сочи» футбол клубтарында, ҚР жеңіл атлетика федерациясында жұмыс істегендерін ғана білеміз...
Психологиялық дайындық
ҚФФ президенті ұлттық құрамамызды «оятып», бауырын жазуға ықпал ететін маман тапты. Магомед Адиев ойыншылармен тіл табысып, Қазақ футболының «түгін тартып, майын шығара» бастағандай. «Еуро-2024» додасының іріктеу кезеңіндегі алты ойынның төртеуінде жеңіске жету – үлкен жетістік!
Бұрынғы бапкерлер қарсыластарымыздың атақ-даңқын тізіп, ойыншыларды «сақ болыңдар» деген ескертулерімен үдірейтіп ала ма, белгісіз. Жігіттеріміз алаңға шықпай жатып, жасып қалатындай болып көрінуші еді. Қазір мүлде басқаша. Адиев пен Ибраим қазақ жігіттерін қайрайтын «қайрақ» тапқандай.
Ойындар күнтізбесі
«Еуро-2024» додасының биылғы іріктеу кезеңіндегі ойындар оң жамбасымызға келіп тұр. Наурызда екі ойынды өз алаңымызда өткіздік. Маусым айындағы қос матчты түзде өткізіп келдік. Қыркүйектегі кездесулерді де үйде жатып алып, өз жерімізде өткіздік.
Егер осы айлардағы бірінші ойын түзде, екіншісі өз алаңымызда өтсе, өте қиын болар еді. Еуропаға барып ойнаған аса ауыр болмайды. Себебі, күн және уақыт белдеуіне «ілесіп» барамыз. Ал Батыстан кері қайтып келіп, ойнау мүлде оңай емес. Уақыт белдеуі сол кезде кері әсерін тигізер еді.
Жеребе
Ешкім де ренжімесін, қарсыластарымыз да ойнауға болатын – командалар. Мәселен, біздің топта азуын айға білеген Франция құрамасы жоқ. Португалия, Англия, Испания секілді шежіресі мол құрамалармен де ойнамаймыз. Жігіттерге өкпе жоқ, аянбай ойнап та жүр. Өз тобымызда дода көрігін қыздырып, бәріне де бәсекелес болып отыр.
2023 жыл. Астана
