Әлем чемпионаты – жастарымыз үшін үлкен мүмкіндік

Шайбалы хоккейден Әлем чемпионатының негізгі додасы, яғни топтық кезеңдегі ойындары аяқталды. Қазақстан ұлттық құрамасы «В» тобында 6 ұпаймен алтыншы орынға ие болды.
Қысқа қайырып айтқанда – жаман көрсеткіш емес, өз орнымыз! «В» тобында екі құрамадан жоғары тұрмыз. Ал, 2024 жылғы Әлем чемпионатының жалпы кестесінде 12-орынға орналасамыз. Естеріңізге сала кетейік, былтыр 11-орынға ие болғанбыз.
Тек... биыл хоккейшілеріміз бізді (қазақ елі жанкүйерін) қатты қобалжытып, әбден шошытты. Бірінші ойын мен соңғы матчтың арасында бірнеше рет ойсырай ұтылып, әбден састырды. Ойын өрнектері үйлеспей қойды.
Әлем чемпионатын жеңіспен бастап, одан соң бес рет ұтылып (оның үшеуінде «шашылып» қалып), соңғы матчта жанкештілік танытты. Косинус графигіндей тура осылай тербеліп, тұрақты ойын өрнегін көрсете алмады.
Құдды, хоккейшілеріміз үйден шығысымен-ақ «Франция мен Польшаны ұтып, Элитада қалу керек, сосын болды» деп «кесімді шешім» қабылдағандай. Әрі осы екі құраманы ұтатындарына бек сенімді болған да секілді. Әрине, бұл да – жетістік!
Неге?! Себебі мақсат орындалды, жоспар жүзеге асты. Одан артық не керек?! Алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Біз тек қана... «Латвия құрамасымен де “шайқасып”, тым болмаса бір ұпай алуға болатын еді ғой» – деп, бұртиамыз да.
Әйтсе де, Ғалым Мәмбетәлиев пен Ерлан Сағымбаев жаттықтырған өрімдей жастарымызға дән ризамыз. Екі жыл болды, ешқандай «натурал» хоккейшілерсіз (азаматтығымызды алған легионерлерсіз), өз жігіттерімізбен кіл мықтылар арасында намысты қолдан бермей жүр.
Шынтуайтқа келгенде, бұл бізде хоккейдің ӨЛІП қалмауына септігін тигізіп отыр. Осы Әлем чемпионаты болмаса, біз Өмірбеков, Диханбек, Королев, Кеңесбай, Бойко, Шульга және т.б. әлеуеті зор балалрымыздың бар екенін білмей өтер де ме едік!?
Себебі, «Барыс» ҚХЛ-да Апальков, Камара, Барбер, Грант секілді «жұлдыздарымен» ойнап жүре бере алады. Кезінде Әлем чемпионаты былтырғыдай талапта өтпей, Есмұханбет Төлепберген, Данияр Қайыров, Мадияр Ибрайбеков, Дәулет Кенбаев, Нұрлан Қабиев, Асхат Баубеков сияқты жастарымыз «жанбай» өшіп, жоғалып кеткен...
Содан соң... IIHF естімесін. Негізі, регламенті дұрыс емес сияқты, ә? Короновирус кезіндегі, неғұрлым аз ойын өткізуге негізделген, регламент сақталып қалған. Әр топтағы соңғы екі орынға табан тіреген командалар арасында плей-аут додасы өткізілмей жүр. Бұл да бізге тиімді болып тұр.
Негізі, шпайбалы хоккей – қазақтың болмысы мен мінез-құлқына жақын спорт түрі. Бұл, тіпті мұз үстіндегі көкпар ғой. Тек төрт аяқты арғымақпен емес, алмас жүзді конькимен ойнақ саласың. «Жағдай жасап, өз отандастарымызға қолдау көрсетсек, келесі жылы-ақ Әлем чемпионатының плей-офф додасына шығуымыз да мүмкін.
2024 жылғы Чехияда өткен Әлем чемпионаты. Қазақстан құрамасының ойындары:
Қазақстан – Франция – 3:1
Қазақстан – Словакия – 2:6
Қазақстан – Латвиия – 0:2
Қазақстан – Швеция – 1:3
Қазақстан – Германия – 2:8
Қазақстан – АҚШ – 1:10
Қазақстан – Польша – 3:1
Нұрғазы Жаппарұлы, 2024 жыл, мамыр
