«Спорт басылымдары федерациясы» Қоғамдық қоры

«Айсұлу» EWHL финалына шықты

«Айсұлу» EWHL финалына шықты

Шайбалы хоккейден Алматының «Айсұлу» командасы EWHL финалына шықты. Жартылай финалда Италия клубын жолынан тайдырды.

 

EWHL – Еуропадағы әйелдер хоккей лигасы. Онда Австрияның, Италияның, Словакияның. Венгрияның, Польшаның және Қазақстанның үздік командалары өнер көрсетеді. Барлығы – 11 команда.

«Айсұлу» EWHL-дың биылғы маусымында 20 ойын өткізіп, 46 ұпаймен екінші орынға ие болды. Бірінші орынды 53 ұпаймен өзгелерден қара үзіп кеткен «HK PSRZ Bratislava» ұжымы иеленген болатын.

Міне, осы екеуі жартылай финалға тікелей шығып, қалған 6 команда екі топқа тең бөлініп, қалған қос жолдаманы сарапқа салған. Оның қорытындысы бойынша «Айсұлу» Италияның «EV Bozen Eagles» командасымен екі мәрте кездесті.

«Айсұлу» бірінші ойында 3:0 есебімен басым түсті. Екінші матчта 2:4 есебімен ұтылып қалды. Әйткенмен, екі матчтың қорытындысы бойынша 5:4 есебімен басым түскендіктен, финалда бақ сынау құқығына қол жеткізді.

Екінші жартылай финалдық кездесулерде  «HK PSRZ Bratislava» Австрияның «Sabres St.Pölten» клубымен кездесіп, бірінші ойында 2:1 есебімен ұтқанымен, екінші матчтың негізгі уақытында дәл осындай есеппен ұтылып қалды. Әрі овертаймда да сүрінді. Сөйтіп, екінші кездесу 1:3 есебімен аяқталып, жалпы есеп 3:4 болды.

Енді «Айсұлу» мен «Sabres» финалда додаға түседі. Бірінші ойын 21 наурызда, ал екіншісі 23 наурыз күні өтеді. Австрия клубы EWHL-дың маусымдық біріншілігінде 39 ұпаймен 5-орын алған команда болатын. Бірақ плей-оффта түслеп сала берді. Тіпті көшбасшыны сан соқтырып кетті.

«Айсұлу» хоккей клубының сапында деңгейлері жоғары шетелдік легионерлер бар. Әсіресе, Канада қыздары ерекше көзге түсіп жүр. Команда сапында өзіміздің 10 хоккейші қызымыз бар. Олардың сегізі ақпан айында өткен, қысқы Азия ойындарында ел намысын абыроймен қорғап, күміс медаль еншілеп қайтқан.

Олар: Аида Олжабаева, Мадина Тұрсынова, Малика Алдабергенова, Пернеш Әшімова, Алина Иванченко, Анна Пяткова, Татьяна Королева және Лариса Свиридова.

Қолдау көрсеткен