Парадзюдошылар Грузиядан 3 алтын, 6 жүлде әкелді

Парадзюдодан Тбилисиде өткен Әлем кубогының екінші күнгі белдесулері де Қазақстан балуандары үшін табысты болды.
Қазақстан парадзюдошылары Тбилиси татамиінен барлығы 6 медаль (3 алтын, 2 күміс, 1 қола) олжалап қайтты. Оның жартысын бірінші күні, ал қалған үшеуін (1+1+1) екінші күні еншіледі. Естеріңізге сала кетейік, кеше Ақмарал Науатбек (J2, 52 келі) пен Альфия Тілекқабыл (J1, 52 келі) алтынмен «апталып», Ғалымжан Смағұлұлы (J2, 81 келі) күміс медаль иеленген болатын.
Бүгін Айдана Ғазизқызы (J2W, +70 келі) әйелдер арасындағы ең ауыр салмақта топ жарып, алтын медаль жеңіп алды. Екінші орынға Бразилия қызы Ребека Сильва, ал қола жүлдеге британиялық Кирстен Тайлор ие болды.
Ерлер арасындағы ең ауыр салмақта (J1M, +95 келі) екі жүлде бұйырды. Бағланбек Оңалбек күміс, ал Ерлан Өтепов қола медаль еншіледі. Бұл салмақта бразилиялық Уильянс Де Араухо жеңімпаз атанды.
Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) өзінің ресми сайтында «парадзюдошылар енді Қазақстанда жиналып, “Қазақстан Барысы – 2025” турнирінен кейін татами көрігін қыздырады» – деп жазды.
Нұрғазы Сасаев
