«Спорт басылымдары федерациясы» Қоғамдық қоры

Қазақстан қыздары Армения құрамасын жеңді

Қазақстан қыздары Армения құрамасын жеңді

Футболдан әйелдер арасындағы УЕФА Ұлттар лигасы додасында Қазақстан қыздары екінші рет жеңіске жетті. Бұл жолы Армения аруларынан басым түсті.

 

Бұл ойын елорда төріндегі «Астана Арена» стадионында өтті. Қазақстан – Армения қыздары арасындағы матчтың бірінші жартысында есеп ашылған жоқ. Екінші таймның басында Әмина Бибосынова екі гол соқты. Алайда Армения қыздары таразы басын тез теңестірді. Әрі олардың сапынан да бір футболшы дубль авторы атанды. Әйтсе де, матч соңында Әйгерім Айтымова жеңіс голын соғып, Қазақстан өқұрамасы маңызды үш ұпайға қол жеткізді.

Жоғарыда жазғанамыздай, бұл – Қазақстан құрамасының Ұлттар лигасының С3-тобындағы екінші жеңісі. Бұған дейін қыздарымыз түзде Лихтенштейн құрамасын 4:0 есебімен тізе бүктірген болатын. Аталған матчта Бибігүл Нұрышева екі мәрте мергендік танытып, Карина Берікова мен Әмина Бибосынова ұлттық құрама сапындағы алғашқы голдарын соққан.

Қазір Қазақстан құрамасының еншісінде – 7 (жеті) ұпай. Қыздарымыз енді бір ұпайды түзде, Люксембург құрамасымен тең түсіп (2:2), еншілеген болатын. Енді екі ойындары қалды. Екеуінде өз алаңымызда өткізеді – Лихтенштейн және Люксембург құрамаларымен. С3-тобында бірінші орынға ие болуға мүмкіндіктері мол, бәрі де – өз қолдарында.

Ұлттар лигасы. 4-тур

Қазақстан W – Армения W – 3:2 (0:0)

Голдар: Бибосынова, 48. Бибосынова, 55. Айтымова 71 – Давтян, 63. Давтян, 66.

Ескертулер: Бибосынова, 45 – Асатрян, 82.

Қазақстан W: Исмаилова, Хайрулина, Айтымова, Демидова, Низамутдинова (Қаражанова, 64), Нұрышева, Норбаева, Мясникова, Берікова (Алданазар, 89), Бибосынова, Тұрлыбекова (Бурова, 89).

Қосалқы құрам: Портнова (қ), Тихонова (қ), Жанатаева, Попова, Ержанова, Сатығалиева, Жұмабайқызы, Рахатжан;

Бас бапкер: Мадияр Кембілов.

Армения W: Кеворкян, Вартанян, Тейлор, Ли. Казарян, Казанчян, Даллакян, Пизлова, Асатрян, Галстян, Давтян, Арутюнян;

Қосалқы құрам: Погосян (қ), Казанджян, Тороссян, Хачатрян, Григорян;

Бас бапкер: Артак Адамян.

Төрешілер: Сабина Болич, Гордана Катушич, Майя Брозович, Елена Пейкович (бәрі – Хорватия).

Айқын ЖАППАР

Қолдау көрсеткен