«Спорт басылымдары федерациясы» Қоғамдық қоры

Футзалшыларымыз Вьетнам құрамасынан есе қайтара алмады

Футзалшыларымыз Вьетнам құрамасынан есе қайтара алмады

Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы Хошиминде Вьетнам футзалшыларымен екінші рет жолдастық кездесу өткізіп, тең түсті. Есеп – 2:2.

 

Осыдан екі күн бұрын ұтылып қалғанбыз. Естеріңізде болар, есеп 1:4 болып, еліміздегі футзал жанкүйерлерінің өзектері өртенген. Бүгін Хошиминдегі оқу-жаттығу жиыны аясында екінші рет жолдастық кездесу өткізіп, тең түстік.

11 сәуірден бері Хошиминде оқу-жатығу жиынын өткізіп жатқан Қазақстан ұлттық құрамасының ойын өрнегі бұрынғыдай емес. Қарқындары бәсеңсіп қалғандай. Қазақстан азаматтығын алған бразилиялықтарымыз (Дуглас, Лео, Тайнан) жоқ та, жағдайымыз қиындау секілді.

Дуглас пен Лео өмір бойы жүре бермейді. Жастары болса, егде тартты. Ал өзімізден осылардың және Сүлейменов, Жаманқұлов, Нұрғожин, Есенамановтардың орындарын басатын жастар көрінер емес. Әйтсе де, бапкерлер құрамы жас футзалшыларымызды қамшылай түседі деп үміттенеміз.

Бүгін, Хошминдегі матчты тәп-тәуір бастаған секілді едік. Ерсұлтан Сағындықов пен Нұрсұлтан Пиялы екі гол соққан. Бірақ алаң иелері үзіліске дейін есепті қысқартып, ал екінші таймда таразы басын теңестірді...  

Вьетнам – Қазақстан – 2:2

Голдар: Ерсұлтан Сағындықов, Нұрсұлтан Пиялы.

Қазақстан: Игита; Дәрібай, Әбдуманапұлы, Валиуллин, Сағындықов – Жеткірбаев; Дерябин, Рашит, Ақбалықов, Қайырбай, Пиялы, Қоспанов, Марахов.

Айқын ЖАППАР

Қолдау көрсеткен