Жігіттер де «Жібек жолын» екі алтынмен түйіндеді

Бакуде «Жібек жолы» халықаралық турнирінің ерлер арасындағы финалдық жекпе-жектері аяқталды. Жігіттеріміз қыздарымыздан қалыспай, екі алтынға қол жеткізді.
Ерлер арасындағы Қазақстан құрамасы да Бакуде 9 жүлде олжалады. Әрі, тура қыздарымыз секілді, екі алтын, бір күміс, алты қола медаль еншіледі. Бірақ Әзербайжан еліне 14 қызымыз барса, жігіттеріміздің саны одан біршама көп еді – 20 боксшы.
54 келіде бақ сынаған Бағлан Кенжебек еліміздегі бокс жанкүйерлерін қуантып, өз салмағында топ жарды. Ол финалда 2024 жылғы Ресей чемпионы Максим Кузнецовтан басым түсті (4:1). Жалпы, Баку рингіндегі қарсыластарының ешқайсысы да осал болған жоқ. Алайда бәрі де Бағланның қарқынынан төтеп бере алмады.
71 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Нұрбек Мұрсал да көрші елдің үздігімен, екі дүркін чемпионымен жұдырық түйістірді. Бұл жекпе-жекте қазақ боксшысы айқын басымдықпен жеңіске жетіп (5:0), «Жібек жолы» халықаралық турнирінің жеңімпазы атанды.
Финалда тек Санжарәлі Бегалиев ұтылды. 75 келі салмақта сынға түскен жерлесіміздің шешуші жекпе-жектегі қарсыласы Әзербайжан боксшысы Саиджамшид Джафаров болған. Оның өз жерінде бағы жанып, бірінші орынға ие болды. Ал бізге бұйырғаны – күміс медаль.
Енді «Жібек жолы» турнирінде қола медаль еншілеген жігіттеріміздің тізіміне көз жүгіртейік:
Нұрғиса Тұрабеков (48 келі), Жандәулет Сәрсенбаев (54 келі), Ерхан Тұрдан (57 келі), Дулат Бекбауов (67 келі), Асылхан Көшербай (67 келі), Дәурен Мамыр (86 келі).
Әлихан ТҮСІП

