Еркін күрес: Қазақстан U23 Азия чемпионатын екінші орынмен аяқтады
Бүгін Вьетнамның Вунгтау қаласында 23 жасқа дейінгі палуандар арасындағы Азия чемпионаты мәресіне жетті.
Чемпионаттың соңғы күні ұлттық құрама команда қоржыны тағы 2 күміс, 3 қола жүлдемен толықты. Онда Мерей Базарбаев (-61 кг) пен Елнар Шілдебай (-86 кг) күміс медалист болса, Нұрдәулет Сейілбеков (-74 кг), Асхаб Хаджиев (-79 кг) пен Әлімжан Сәлімжан (125 кг) қола жүлдені қанағат тұтты.
Еркін күрес палуандары 1 алтын, 3 күміс, 3 қола медаль иеленіп, жалпы есепте Үндістаннан кейін екінші орынға шықты. Үшінші орынды Өзбекстан құрама алды.
Биыл чемпионатқа еркін күрес бойынша 13 мемлекеттен 80 спортшы қатысты.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА
Фотода Мерей Базарбаев (-61 кг) үнді палуаны Нихил Нихилмен күресіп жатыр
Фото: Бүкіләлемдік күрес одағы