«Қайрат» – 2025 жылғы Қазақстан суперкубогының иегері

Бүгін «Қайрат» футбол клубы «Ақтөбе» командасынан басым түсіп, 2025 жылғы Қазақстан суперкубогының жеңімпазы атанды.
Қазақстан футболының жаңа маусымы ашылды. Әдеттегідей, маусымашар матчта былтырғы маусымдағы ел чемпионы мен ҚР кубогының иегері кездесті. Яғни «Қайрат» пен «Ақтөбе» додаға түсті. Бұл ойын елордадағы «Астана-Арена» стадионында өтті.
Бірінші таймда есеп ашылған жоқ. Ойынның екінші жартысында алматылықтар гол соқты. Алайда, көп ұзамай бір ойыншылары алаңнан қуылып, жанкүйерлерін қобалжытты. Әйтсе де, «Қайрат» сауатты тактикасының арқасында қарсыласына дес берген жоқ. Тіпті матч соңында есепті еселей түсті.
Сөйтіп, «Қайрат» үшінші рет Қазақстан суперкубогын жеңіп алды. Ал Қазақстан чемпионатының премьер-лигадағы додасы наурыз айының басында басталады. «Ақтөбе» бұл ойында өз әлеуетін толық көрсете алмағандай. Енді бүгінгі жеңілістерінен қорытынды шығарады деп ойлаймыз.
«Қайрат»: Заруцкий, Мартынович, Сорокин, Арад, Тапалов, Глейзер, Зария (Сәтбаев, 69), Громыко (Жоржинью, 88), Станоев, Сантана, Жоао Пауло (Қасаболат, 65);
«Ақтөбе»: Влад, Скворцов (Таңжарықов, 75), Қасым, Агбо, Қайыров (Вэтэжелу,54), Анджелкович, Сейдахмет, Рабиу (Абдолла, 90), Гондола (Бердібек, 90), Өміртаев (Ивкович, 54), Умаев.
Голдар: Сантана, 58. Громыко, 87.
Ескертулер: Тапалов, 31. Громыко, 88 – Скворцов, 8. Өміртаев, 45. Қасым, 66. Ивкович,90.
Алаңнан қуылды: Тапалов, 61 (екінші ескерту).
Айқын Жаппар
Фото - ФК "Қайрат"