«Спорт басылымдары федерациясы» Қоғамдық қоры

Төрт алтын және мұз үстіндегі «Усэйн Болт»

Төрт алтын және мұз үстіндегі «Усэйн Болт»

Бір апта бойы назарымызды Харбинге аударған ІХ қысқы Азия ойындары да аяқталды. Еншімізде – 4 алтын, 9 күміс, 7 қола. Барлығы – 20 жүлде.

 

Бұл дүбірлі дода біз үшін қысқы Азия ойындары тарихындағы ең сәтсіз өткені болды. Бұған дейін алты алтыннан кем алған жоқ едік. Ал биыл Харбинге апарға споршыларымыз да көп болған – 137 спортшы.

Енді, кейбір спорт түрлеріне арнайы тоқталып өтсек. Мысалы, хоккейшілер арасында екі жүлде жиынтығы сарапқа салынды. Олар сенімді толықтай ақтады. Қыздар тіпті қола емес (өзіміз әу баста болжағандай), күміс медаль олжалап қайтты. Екінші орынды мұзайдын қожайындарынан «жұлып» алды.

Әуелі қай спорт түрлерінен жүлде алғанымызды бір сүзіп шығайық:

Спорт түрі

Сарапқа салынған медаль жиынтығы

алтын

күміс

қола

бәрі

1

Хоккей

2

1

1

2

2

Биатлон

4

1

2

1

4

3

Фристайл

11

1

1

2

4

4

Шорт-трек

9

1

2

0

3

5

Шаңғы жарысы

6

0

2

2

4

6

Конькимен жүг

14

0

1

1

2

7

Мәнерлеп сырғ.

4

0

0

1

1

Барлығы

58

3

9

7

20

 

Бәрінен де өзіміз тұрмақ, өзгелерді тәнті қылып, ерекше сүйсіндірген фристайлшы-акробаттарымыз болды. Олар сарапқа салынған бес жүлде жиынтығынан 4 медаль еншіледі. Ал жұптасып өнер көрсетуде Шерзод Хаширбаев пен Роман Иванов Қытайдың шүбәсіз сенген үздіктерін сан соқтырып кетті.

Қытай спортшылары тіпті жеңіс тұғырында Шерзод пен Романғе ерекше құрмет көрсетіп, таң қалып, таңдай қаққандарын жасыра алмады. Олар біздің фристайлшы-могулшыларымыздан сескеніп жүргенде, фристайлшы-акробаттарымыз осылай алдымызды орап кетеді деп, мүлде ойламағандай.

Енді бір, айрықша көңіл аударалық жәйт, бізде (ел спортында) тума талант бар екен. Конькимен жүгіруден Евгений Кошкиннің бойында адам сенгісіз ерекше қабілет бар. Оның бастапқы екпіні – тағдырдың берген, баға жетпес сыйы.

Сөреден шыққан беттегі ұмтылысы, алғашқы үдеу қарқыны – адам сүйсінер қабілет. 100 метрді 9,46 с уақытта жүйткіп өткен. Тек оны кәдеге асыру керек. Былайша айтқанда, ол – мұз үстіндегі "Усэйн Болт". Енді одан чемпион шығара алмасақ, ол біздің бапкерлер мен басшыларға – сын.

Сол Кошкин, 100 метрде екінші орын алды. Ал 500 метрлік бәйгеде 4-орынмен шектелді. Ең қысқа қашықтықта оның алдын Қытай спортшысы Т.Гао орап кетті. Евгенийдің өзінің сөзімен айтар болсақ, «ол бұл спортшыдан маусым бойы озып жүрген, бірақ Қытай жігіті өз жерінде озып кеткен». Міне, бапкерлер мен басшылар ойланатын мәселе де, күрмеуін шешулері тиіс түйін де – осы.

Енді, спортымыздағы, дәл қазіргі, көлеңкелі жетістіктерге тоқталсақ. Биатлоннан алтыны бар, күмісі бар төрт жүлде алдық. Жалпы, көрсеткішіміз жаман емес. Бірақ ерлер арасындағы спринтке кореялық Тимофей Лапшиннің қатыспағанына ешкім назар аударып жатқан жоқ.

Ол биылғы маусымдағы Әлем кубогының жалпы есебінде біздің биатлоншылардың бәрінен жоғары тұр. Соңғы жылдары Кореяның намысын қорғап жүр. Қысқа қашықтықтар мен эстафеталық жарыстарға бейімделген. Абырой болғанда, Азия ойындарына осы тәжірибелі спортшы қатысқан жоқ.

Әркім әрқалай айтады. Ал өзі тарихи отанындағы журналистерге «Азия ойындарына саяси мәселелер бойынша қатыстырмады» деп, сұхбат берген. Соған қарағанда, Кореяның өзі ме, әлде Азия немесе халықаралық биатлоншылар одағы ма, екі бірдей бұрынғы ресейліктердің Ақ Азиадада топ жаруын қаламаған сықылды... Ол жағы бізге белгісіз.

Осы ретте айта кетейік, Кореяның намысын қорғайтын Екатерина Аввакумова ІХ қысқы Азия ойындарындағы әйелдер арасындағы спринтте топ жарды. Ал біздің Арина Крюкова жүлдеден тыс қалды (4-орын). Айтпақшы, Лапшин секілді, Александр Стародубец те Азия ойындарына қатыса алмады. Мұның бәрі дұрыс болды деп ойлаймыз.

Шорт-тректен Жапония құрамасы үздіктерін Азия ойындарымен қатар өткен Әлем кубогына жіберген секілді (7-9 ақпан, Тилбург). Сондықтан, біздің басты қарсыластарымыз тек Қытай және Корея спортшылары болды. Өкінішке қарай, жекелей сындарда (жарыстарда) біздің шорттрекшілер финалға шыға алмады.

Біреуі шықты. Нақтырақ айтқанда, 1000 метрлік бәйгеде Малика Ермек «А» финалында бақ сынады. Бірақ ол финалға Қытай қызы жолын бөгеп, кедергі болғаны үшін шықты (Advanced to final A). Негізі, бәрі де жартылай финалдан аса алмай қынжылтты.

Әйтсе де, олар эстафеталық жарыстарда еселерін қайтарды. Өте сауатты тактика қолданды. Қытай және Корея шорттрекшілерінің эстафетада бәсекелестіктері бокстағы қазақ-өзбек «шайқастарынан» кем болған жоқ. Тіпті асып та түскендей. Олар «не бел, не белбеу кетеді» дегендей, «не алтын, не ештеңе емес» деп, жандарын салды.

Осылай көмбеге жақындағанда, бірін-бірі қағып-итерісіп, екі рет біреуі құлады. Аралас эстафетада Қытай құрамасы жүлдесіз қалып, Корея алтынмен апталды. Күміс бізге бұйырды. Ал әйелдер арасында, керісінше, кореялық қыз құлап, Қытай арулары топ жарды. Екінші орын тағы да бізге тиді.

Ерлер арасындағы эстафетада бар арманымыз орындалды. Көмбеге тіке тартар соңғы бұрылыста Корея және Қытай жігіттері қақтығысып, біреуі құлап, екіншісі тәлтіректеп кетті. Сол кезде мұзайдында есеп шығарғандай, бәрін бағамдап жүретін Әділ Ғалиахметов жанкештілік танытты. Осылай алтын медаль олжаладық.

Айтпағым, фристайл-акробатика спорты мен шайбалы хоккейден басқасында, бөркімізді аспанға атудың жөні де, реті де жоқ. Қайсыбір спорт түрлерінен алтын алғанымыз, дәл сол бәйгеде төрт құбыламыз түгел екенін білдірмейді. Деңгейіміз жоғары емес. Кейбір жеңіс-жетістіктеріміздің өзінен сабақ алып, қорытынды шығаруымыз керек.

Нұрғазы Жаппарұлы

Фотолар - ҚР ҰОК сайтынан

Қолдау көрсеткен