«Айсұлу» арулары – Еуропа хоккей лигасының чемпионы!

Шайбалы хоккейден Алматының «Айсұлу» командасы EWHL финалында жеңіске жетіп, тұңғыш рет халықаралық Лиганың чемпионы атанды.
EWHL – Еуропадағы әйелдер хоккей лигасы. Беделді лиганың биылғы маусымындағы негізгі додасында 2-орын алған Алматы клубы плей-офф додасын жартылай финалдан бастаған. Әрі Италияның «EV Bozen Eagles» командасымен екі мәрте кездесіп, екі ойынның қорытындысы бойынша финалға шыққан (жалпы есеп – 5:4).
Финалда Австрияның «Sabres St.Pölten» деген клубымен додаға түсті. Санкт-Пёльтенде өткен бірінші ойын 1:1 есебімен тең аяқталды. Қарымта матч дәл осы елдің Цельтвег қаласында өтті. Себебі, «Айсұлу» EWHL-да ойнау үшін осы қалаға «қоныстанған». Еуропаның барлық командасын Алматыға әкелу оңай емес...
«Айсұлудың» «үйдегі» ойынында да екі ұжым тең түсті. Есеп – тағы да, 1:1. Яғни жалпы есеп 2:2 болды. Сөйтіп, шектен тыс тартысты өткен екі матчтың негізгі уақыттарында жеңімпаз анықталған жоқ. Алматы клубы сапынан бірінші ойында Кэйсиди Мэйплторп, ал екінші матчта Роксан Риу гол соқты. Екеуі де – Канада қыздары.
EWHL регламенті бойынша осыдан кейін ғана финалдық матч овертаймға ұласты. 3х3 форматында өткен қосымша уақытта «Айсұлу» қыздарының шеберліктері басым болды. Небәрі 75 секундтан соң канадалық ойыншымыз Кристина Эннализ Хейс жеңіс голын соқты. Есеп – 2:1 (3:2).
Өткен жолы жазғанымыздай, «Айсұлу» сапында өзіміздің 10 хоккейші қызымыз ойнайды. Олардың сегізі ақпан айында өткен, қысқы Азия ойындарында күміс жүлдегер болып қайтты. Қалғандары – легионерлер (12 хоккейші қыз). Жетеуі – канадалық қыздар. Қалғандары – АҚШ, Венгрия арулары мен ресейлік ойыншылар (үшеу).
«Айсұлудың» EWHL додасында топ жаруына тасқамал қақпашысы, канадалық Рэйчел Силидің қосқан үлесі көп болды. Сондай-ақ Лига сұрмергені Кэйсиди Мэйплторпты да бөле-жара атап өтуге болады. Ол биылғы маусымда 27 гол соғып, 21 нәтижелі пас берді.
Айтпақшы, EWHL-дың қола жүлдесін Словакияның «HK PSRZ Bratislava» клубы жеңіп алды. Бұл ұжым үшінші орын үшін өткен екі матчтың қорытындысы бойынша Италияның «EV Bozen Eagles» командасынан басым түсті. Жалпы есеп – 3:2 (0:2 және 3:0).
Финалдық ойыннан соң EWHL 2024/25 жылдар маусымының қорытындысын жариялап, үздік ойыншыларды марапаттады:
Үздік ойыншы (сұрмерген):
Кэйсиди Мейплторп – «Айсұлу» Алматы;
Үздік қақпашы:
Рэйчел Сили – «Айсұлу» Алматы;
Үздік бестік:
Рэйчел Сили («Айсұлу»); Антония Мацка (Sabres St.Pölten) –Романа Косецка (PSR Bratislava); Кэйсиди Мейплторп («Айсұлу») – Ханна Тейт (Sabres St.Pölten) – Кристин Делла Ровере (EVB Eagles South Tyrol).
Айқын Жаппар
