Әлімхан Сыздықов – Азия чемпионатының күміс жүлдегері

Амманда (Иордания) күрес түрлерінен 2025 жылғы Азия чемпионаты басталып, боз кілемге әуелі грек-рим күресі шеберлері шықты.
Бүгін қоржынымызға 1 күміс, 2 қола медаль түсті. Негізі, Азия чемпионатының бірінші күні бес салмақ дәрежесінде жүлделі орындар сарапқа салынған. Алайда, Қазақстан балуандары соның біреуінде ғана, яғни 130 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде финалға шығып, алтын медаль үшін күресті.
Ең ауыр салмақта Әлімхан Сыздықов финалда ғана сүрінді. Ол ширек финалда Ирак балуаны Али Әл-Шаруені үстем түсті (8:0). Ал жартылай финалда, 4:1 есебімен өзбек Темурбек Насимовтан айласын асырды.
Әлімхан финалда Иран алыбы Фардин Хедаятимен белдескен. Парсы елінің жас таланты спорттық бабында екен, жастар арасындағы (U23) Әлем чемпионы екенін көрсетті. Сыздықов грек-рим күресінен Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Бұл оның – төртінші жүлдесі (екі күміс және алтын мен қола).
55 келі салмақ дәрежесінде бақ сынғана Ербол Қамалиев қола жүлде үшін өзбек Ихтиёр Ботировпен белдесіп, есе жіберіп алды. Сөйтіп, бесінші орынды қанағат тұтты.
63 келіде белдескен Сұлтан Әсетұлы да үшінші орын үшін өткен белдесуде ұтылып, КХДР балуаны Ч.Кимге қайрат көрсете алмады. Ал Сұлтанды жартылай финалда ұтқан, өзбек Айтжан Халмаханов осы салмақта Азия чемпионы атанды.
77 келі салмақта күрескен Ибрагим Магомадов үшінші орынды Иордания балуаны Дж.Садехпен сарапқа салып, жеңіске жетті. Сөйтіп, Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды.
87 келіде белдескен Шамиль Ожаев та үшінші орын үшін өткен белдесуде жеңіске жетіп, Азия чемпионатының қола жүлдесіне қол жеткізді. Ол шешуші белдесуде оңтүстіккореялық С.Парктен басым түсті.
Ертең грек-рим күресі шеберлері 60, 67, 72, 82 және 97 келі салмақ дәрежелерінде бақ сынайды. Жігіттерімізден жеңіс бен жүлде күтеміз, әрі «баптары мен бақтары қатар шапсын» деп, тілеулес боламыз.
Әлихан Түсіп
