Омар Сатаев – Азия чемпионатының күміс жүлдегері

Амманда (Иордания) күрес түрлерінен 2025 жылғы Азия чемпионаты өтіп жатыр. Бүгін грек-рим күресі шеберлері өз белдесулерін толықтай аяқтады.
Екінші күнгі белдесулерде Қазақстан қоржынына 1 күміс медаль түсті. Бұйырғаны жалғыз жүлде болды. Сөйтіп, грек-рим күресіндегі балуандарымыз төрт жүлдемен шектелді – 2 күміс және 2 қола.
Бүгін де, Аммандағы Азия чемпионатында, грек-рим күресінен бес медаль жиынтығы сарапқа салынған. Яғни балуандар 60, 67, 72, 82 және 97 келі салмақ дәрежелерінде белдесті.
Бізден тек 82 келіде ел намысын қорғаған Омар Сатаев сенім үдесінен шықты. Ол Азия чемпионатын ширек финалдан бастап, кореялық Б.Канды ұтты. Ал жартылай финалда жапон Тайзо Ёшидоны жықты.
Финалда Иран үміті Мохаммад Нагусимен күресті. Тартысты өткен белдесуде парсы балуаны дес бермеді. Кілемге мысықша жабысып алғандығы соншалық, оны аударып тастаудың өзі мүмкін болмады. Есеп – 1:3. Омар Сатаев Азияның күміс жүлдегері атанды.
Өкінішке қарай, бүгін басқа салмақтардағы балуандарымыздың бақтары жанбады. Бақытжан Қабдыл (60 келі), Мейіржан Шермаханбет (67 келі) және Әділхан Сатаев (72 келі) алғашқы айналымда ұтылып қалды.
Ілияс Гучигов (97 келі) жолы болып, боз кілемге ширек финалда ғана шыққан. Бірақ ол да бірінші белдесуінде жеңіліске ұшырады. Төртеуінің де қарсыластары келесі белдесулерінде ұтылып қалды. Сөйтіп, қола жүлде үшін күресу мүмкіндігі де көзден бұл-бұл ұшты...
Сонымен, грек-рим күресінен Азия чемпионаты аяқталды. Қазақстан құрамасы күрестің бұл түрінен төрт медаль иеленді. Әлімхан Сыздықов (130 келі) және Омар Сатаев (82 келі) күміс медаль олжаласа, Ибрагим Магомадов (77 келі) және Шамиль Ожаев (87 келі) қола жүлдеге ие болды.
Әлихан Түсіп
