«Спорт басылымдары федерациясы» Қоғамдық қоры

Жәмилә Бақбергенова – Азияның төрт дүркін чемпионы!

Жәмилә Бақбергенова – Азияның төрт дүркін чемпионы!

Амманда өтіп жатқан Азия чемпионатында әйелдер арасындағы белдесулер де аяқталды. Екі күн бойы 10 салмақ дәрежесінде жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.

 

Қазақтың қайсар қызы төртінші рет Азия чемпионы атанды. Жалпы, Қазақстан қыздары биылғы Азия чемпионатынан екі медаль еншіледі. Кеше жүлделі орындарға іліге алмағанбыз, ал бүгін бір алтын және бір қола олжаладық.

72 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған Жәмилә Бақбергенова ширек финалда Корея балуаны С.Кимді бұйым құрлы көрмеді. Жартылай финалда көпшілікке танымал жапон қызымен кездесті. Масако Фуруичи – 2021 жылғы Әлем чемпионы. Әрі, одан кейін, екі рет Әлемнің қола жүлдегері атанған тәжірибелі балуан болатын.

Шектен тыс тартысты өткен белдесуде жапон қызы бір ұпай айырмасымен ұтып жатқан. Бірақ соңғы секундта Жәмилә әдіс қолданып, жеңісті жұлып алды. Есеп теңескенімен, соңғы ұпайды Бақбергенова еншілегендіктен, жеңіс қазақ қызына берілді. Оның үстіне, жапондар наразылық білдіріп, бейнежазба арқылы ұтылғандығы дәлелденіп, Жәмиләға тағы бір ұпай қосылды.

Фирналда Қытайды жас таланты Юки Люмен белдесті. Өте шиеленісті өткен кездесуде Жәмилә 4:1 есебімен жеңіске жетті. Тәжірибесі мол қайратты қызымыз белдесу бойы тіресіп жүрді де, соңғы екі минутта бар күшін салды. Ақырғы секундтарда қарсыласына еш мүмкіндік берген жоқ.

Сөйтіп, Жәмилә төртінші рет Азия чемпионы атанды. Бұған дейін 2020, 2022 және 2023 жылдары топ жарған. Ал 2019 жылы қола медаль алып, 2021 жылы күміс жүлдегер атанған. Әрі Әлем чемпионаттарында үш рет күміс медаль олжалап, бір рет қола жүлдегер атанған. Сондай-ақ, 2022 жылғы Азия ойындарының күміс жүлдегері. Жеңімпаз қыз!             

53 келіде күрескен Зейнеп Баянова алғашқы белдесуінде Ён Пактан айласын асырды. Бірақ ширек финалда КХДР қызы Х.Цойға есе жіберіп алды. Қарсыласы финалға шыққандықтан, үшінші орын үшін белдесу мүмкіндігіне ие болып, оны мүлт жіберген жоқ.

Үшінші орын үшін өткен белдесуде моңғол қызы Отгонтуя Чинболдты жеңді. Зейнеп бұған дейін бұл балуанмен екі рет кездесіп, екеуінде ұтылып қалған. Бұл жолы есесін қайтарды. Әрі ел қоржынан бірінші болып, жүлде салды. Қола медаль!

65 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Гаухар Мұқатай алғашқы белдесуінде Вьетнам қызы Дю Тон Лаиды жеңді. Алайда бұдан кейін Мива Морикавадан ұтылып қалды. Әйтсе де, жапон аруы финалға шыққандықтан қола жүлде үшін күресу мүмкіндігіне ие болды.

Үшінші орын үшін өткен белдесуде Гаухар Мұқатай Қытай спортшысы Ци Чжанмен күресті. Өкінішке қарай, оған төтеп бере алмай, кездесудің басында, тым тез ұтылып қалды. Бұйырғаны – бесінші орын.

62 келіде өнер көрсеткен Тыныс Дүбек алғашқы айналымды Үндістан спортшысы М.Манишадан ұтылып қалған. Алайда үнді үміті финалға шығып, Қазақстан қызына жұбаныш белдесуінде бақ сынау мүмкіндігі берілді.

Тыныс мұны мұлт жіберген жоқ. Корея аруы Х.Лиден басым түсті. Бірақ қола жүлде үшін күрсекенде, қырғыз қызы Калмира Білімбекқызынан ұтылып қалды. Сөйтіп Азия чемпионатын бесінші орынмен аяқтады.    

Бүгін 57 келіде белдескен Нилуфар Раимова ғана боз кілемнен ерте шығып қалды. Ол алғашқы белдесуінде үнді қызы Н.Шармадан ұтылды. Қарсыласы келесі белдесуіндек ұтылып, жұбаныш белдесуінде күресу мүмкіндігі көзден бұл-бұл ұшты.

Кеше Светлана Анкичева (50 келі), Гүлдана Бекеш (59 келі) және Ирина Казюлина (68 келі) үшеуі қола медаль үшін белдесіп, бәрі де жеңіліп қалған. Ал Зүлфия Яхьярова (55 келі) мен Эльмира Сыздықова (76 келі) ширек финалдан аса алмаған болатын.

Әлихан Түсіп

Қолдау көрсеткен