Рахат Қалжан – Азия чемпионатының қола жүлдегері

Күрес түрлерінен Амманда өтіп жатқан Азия чемпионатында боз кілемге еркін күрес шеберлері шығып, бүгін бес салмақ дәрежесінде жүлделі орындарды сарапқа салды.
Еркін күрестен әзірше қола медаль алдық. Ауыр салмақтардағы финалдық белдесулер әлі өтіп жатыр. Үмітімізді үзбейміз... Әзірше төрт салмақ дәрежесіндегі балуандарымыздың нәтижелеріне тоқталып өткіміз келеді.
57 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғаған Рахат Қалжан әуелі Корея балуаны Жеонг Анды ұтты. Ал ширек финалда Париж Олимпиадасының қола жүлдегері, өзбек Гуломжан Абдуллаевтан айласын асырды. Ұтылып жатса да, тізгін тартпай, жанкештілік танытты. Соңғы секундтарда төрт ұпай алып, басым түсті.
Өкінішке қарай, жартылай финалда Иран үміті Джахангир Вализадеден ұтылып қалды. Ал үшінші орын үшін өткен белдесуде Ирак балуаны Хусейн Альбехадилалборсптен айласын асырып, жеңіске жетті. Сөйтіп, Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды.
70 келі салмақтағы Начын Куулар іріктеу сатысында қырғыз Ерназар Ахматалиевтен ұтылып қалды. Бағына қарай, Ахматалиев финалға шығып, үшінші орын үшін күресу мүмкіндігіне ие болды. Жұбаныш белдесуінде өзбек Бегижон Кулдашевтан басым болды.
Начын қола жүлде үшін өткен белдесуде жапон саңлағы Иошинасуке Аоягимен күресті. Өкінішке қарай, сенім үдесінен шыға алмай, ойсырай ұтылып қалды – 0:8. Бесінші орын. Реті келгенде, айта кетейік, Жапонияның осы жігітін күзде (қараша айында), Тегеран төрінде Нұрқожа Қайпанов жеңіп, Әлем чемпионы атанған.
79 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Дәулет Ергеш Азия чемпионатын ширек финалдан бастаған. Бірінші айналымда белдескен жоқ, жеребесі солай түсті. Алайда бірден Иран саңлағына тап болып, Махди Юсефихаджаевтан ұтылып қалды. Бірақ Парсы балуаны финалға шығып, үшінші орын үшін күресу мүмкіндігіне ие болды.
Жұбаныш белдесуінде түркімен Какамурат Ашировтан басым түсті. Ал қола жүлде үшін өткен шешуші белдесуде Тәжікстан намысын қорғайтын Магомет Евлоевен күш сынасты. Өкінішке қарай, Дәулет бұл белдесуде жаза басып, ұтылып қалды. Сөйтіп, бесінші орынды қанағат тұтты.
65 келі салмақ дәрәжесінде өнер көрсеткен Нұрсұлтан Садық алғашқы белдесуінде Корея балуанын жеңген. Бірақ ширек финалда Моңғолия жігітінен ұтылып қалды. Әйтсе де, жұбаныш белдесуінде күресуге мүмкіндік берілген. Алайда бұл белдесуде де ұтылып қалды. КХДР балуаны әл бермеді.
Әлихан Түсіп
