Ризабек Айтмұқан Азия чемпионатында күміс жүлдені қанағат тұтты

Күрес түрлерінен Амманда өтіп жатқан Азия чемпионатында қазақ жанкүйерлері сарыла күткен финалдық белдесу аяқталды. Өкінішке қарай, нәтиже біз күткендей болмады...
Қазақ күресінің үкілі үміті финалда ұтылып қалды. Өкінішті... Күрестің осы түрінен тұңғыш Әлем чемпионы болған саңлағымыз, яғни Ризабек Айтмұқан Амман кілемінде жапон балуанына есе жіберіп алды.
Еркін күрестен 97 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған Ризабек Айтмұхан бірінші айналымда Индонезия балуаны Мухамед Рудансиахты бұйым құрлы көрмеді. Ширек финалда Түркіменстан спортшысы Шатлык Хемеляевты да боз кілемге аунатты.
Жартылай финалда Иран балуаны Мохаммадмобин Азимиді де жолынан тайдырды. Финалда жапон Арош Йошидамен күресті. Бірақ бар назары Амман кілеміне ауған күрес жанкүйерлері күтпеген нәтиже жүзеге асты. Ризабек «Күншығыс» елі балуанынан ұтылып қалды.
Финалға дейін шаршап қалған ба, белгісіз, әйтеуір сылбыр күресті. Қарсыласы қара күшпен итеріп жүріп жеңді. Ризабек осы жігітке екінші рет есе жіберіп отыр. 2023 жылы Астанада өткен Азия чемпионатының финалында да ұтылған. Бірақ ол кезде екеуі де 92 келі салмақ дәрежесінде белдескен болатын.
Сөйтіп, Ризабек Айтмұқан Азия чемпионатында үшінші рет күміс медаль еншіледі. 2023 жылы 92 келіде, ал соңғы екі жылы 97 келі салмақ дәрежесінде екінші орынға ие болды. Жеңістері мен алтындары әлі алда деп үміттенеміз. Бұл жеңілісінен қорытынды шығарып, әрі сабақ алып, боз кілемге қажырлы қайратпен оралады деп сенеміз.
Әрине, күрес жанкүйерлері Ризабек пен қазір Бахрейн елінің намысын жыртатын, Дағыстан балуаны Ахмед Тажудинов арасындағы белдеуді асыға күткен. Бірақ оны бапкерлері боз кілемге шығармады. Себебі иығын жарақаттап алған, Олимпиада және Әлем чемпионы жарақатынан әлі толық айығып кетпеген көрінеді.
Әлихан Түсіп
