«Спорт басылымдары федерациясы» Қоғамдық қоры

Нұрқожа Қайпанов – еркін күрестен Азияның үш дүркін чемпионы!

Нұрқожа Қайпанов – еркін күрестен Азияның үш дүркін чемпионы!

Күрес түрлерінен Амманда өтіп жатқан Азия чемпионатынан қуанышты хабар жетті. Еркін күрестен қазақ балуаны "Сарықұрлық" чемпионы атанды.

 

Қазақтың сом білекті қайсар жігіті Иордания кілемінде қарсылас шақ келтірмеді. Кілемде өзіне қарсы шыққанның бәрін жықты. Негізі, жеребесі жеңіл түскен жоқ болатын. Ылғи ығай мен сығайлармен белдесті.

Бұл жолы 74 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Нұрқожа Қайпанов әуелі Магомедрасул Аслуевпен белдесті. Бұл балуан – қазір Бахрейн елінің намысын қорғап жүрген, Дағыстан күресінің түлегі. Тартысты өткен белдесуде қазақ жігіті жеңіске жетті.

Ширек финалда Моңғолия мықтысы Батбаяр Батсухтан басым түсті. Ал жартылай финалдық белдесуде Иран үміті Мохаммад Реза Шакериден үстем болды. Екеуі де осал жігіттер емес-тін.

Нұрқожа финалда қырғыз балуаны Орозобек Токтомамбетовпен кездесті. Шектен тыс шиеленісті өткен белдесуде қазақтың қайсар қыраны жеңіске жетті. Есеп – 2:1. Сөйтіп, Азия чемпионы атанды.

Бұл – Қайсановтың Азиядағы үшінші алтыны. Бұған дейін 2019 және 2021 жылдары чемпион атанған. Ал 2022 жылы күміс жүлде еншіледі. Былтыр күзде Әлем чемпионы атанды (бірақ 70 келі салмақта). 2019 жылғы Әлем чемпионатында да күміс алған.

70 келі салмақ дәрежесі Олимпиада ойындары бағдарламасында жоқ. Сондықтан Қайпанов 74 келіде бақ сынап жүр. Өздеріңіз байқап отырғандай, өңірінде жарқыраған медальдардың ішінде тек Олимпиада жүлдесі жоқ. Жанкүйерлер де сол жүлдеге қол жеткізуіне тілектес.

Әлихан Түсіп

Қолдау көрсеткен