Болат Сақаев пен Азамат Дәулетбеков – Азия чемпионатының жүлдегерлері

Күрес түрлерінен Амманда өтіп жатқан Азия чемпионатының соңғы күні біз үшін сәтті болды. Қоржынымызға еркін күрестен үш жүлде түсті.
Болат күміс медаль еншілеп, Азамат қола жүлде олжалады. Сөйтіп, бүгін еркін күрестен толық медаль жиынтығына қол жеткіздік. Бұған дейін Нұрқожа Қайпанов алтын алған.
86 келі салмақта ел намысын қорғаған Болат Сақаев кілемге ширек финалдан бастап шықты. Әрі моңғол Батбилгуун Наадамбаттан айласын асырып, жеңіске жетті. Жартылай финалда Қытай балуаны Нан Цаодан басым түсті.
Финалда Иран үміті Аболфазл Рахмани Фироузжаимен күресті. Өкінішке қарай, ұтылып қалып, күміс жүлдені қанағат тұтты. Жартылай финалда мұрнын қатты соғып алыпты. Содан қан тоқтамай, әбігерге салған. Шешуші белдесуіне сол жарақаты кесірін тигізген де сияқты.
Амманда 92 келі салмақта өнер көрсеткен Азамат Дәулетбеков те бірінші айналымда Болат секілді белдескен жоқ. Боз кілемге ширек финалдан бастап шықты. Әрі Қытай балуаны Цзушен Линді қиналмай ұтты.
Алайда жартылай финалда Иранның жас таланты Амирхоссейн Фирузпурбандпеиге есе жіберіп алды. Ал үшінші орын үшін өткен белдесуде өзбек Шерзод Пойоновты ұтып, биыл Азияның қола жүлдесін қанағат тұтты.
86 келі салмақта үш рет Азия чемпионы болған Азамат бұл жолы бір саты жоғары салмақ дәрежесінде бақ сынады. Содан болар, Әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері, яғни А.Дәулетбеков төртінші рет Азияның саф алтынына қол жеткізе алмады.
61 келіде белдескен Мұхамед Балғабай ширек финалда Қытай балуанынан ұтылып қалды. Ал 125 келі, ең ауыр салмақта күрескен Нұрсұлтан Азов алғашқы айналымда жапон жігітіне есе жіберіп алды. Қарсыластары келесі белдесулерінде ұтылып қалғандықтан, екеуі де белдесулерін ерте аяқтады.
Еркін күрестен Қазақстан құрамасының басты жетістігі, командалық есепте үшінші орынға ие болғандары болды. Бір алтын, екі күміс, екі қола жүлдемен біздің жігіттер үздік үштікті түйіндеді. Тек Иран (4+1+4) және Жапония (3+0+3) жігіттерінен төмен орналасты. Қырғызстан, Корея, Моңғолия құрамаларынан асып түсті.
Айқын Жаппар
