Әлем боксында: жаңа ұйым – жаңа турнир

World Boxing ұйымы ең алғашқы ауқымды, халықаралық турнирін Бразилияда бастады. Ресми түрде “World Boxing Cup: Brazil 2025 – Foz do Iguaçu” деп аталады.
World Boxing ұйымының биылғы тырнақалды турниріне әлемнің 19 мемлекетінен 130 боксшы қатысып жатыр. «Әлем кубогы: Бразилия 2025 – Фос ду Игуасу» турниріне біздің елден 11 боксшы бақ сынайды. Біреуі тіпті алғашқы жекпе-жегін өткізіп, жеңіске жетті.
Атап айтқанда, 55 келі салмақ дәрежесіндегі Нұрсұлтан Алтынбек 1/8-финалында Бразилия боксшысы Майкл Триндадемен жұдырық түйістіріп, 4:1 есебімен жеңіске жетті. Қарсыласы Париж Олимпиадасына қатысқан. 2021 жылғы Әлем чемпионатының финалында Махмұд Сабырханнан ұтылып қалған.
Енді қалған боксшыларымызды бірінші жекпе-жектеріндегі қарсыластарымен атап өткіміз келеді:
50 келі: Ширек финал. Нұрзат Оңғаров – Асылбек Жалилов (Өзбекстан, 2024 жылғы Азия чемпионы);
60 келі: Ширек финал. Талғат Сырымбетов – Луиз Оливейра (Бразилия, Париж Олимпиадасына қатысқан);
65 келі: 1/8 финал. Алмат Әбдуәлі – Юри Рейес Фалькао (Бразилия, 2023 жылғы Әлем чемпионатына қатысқан)
70 келі: Ширек финал. Дархан Дүйсебай – Макан Траоре (Франция) немесе Криштиану Перейра (Бразилия);
80 келі: Ширек финал. Диас Молжігітов – Никоден Козак (Польша)
85 келі: Жартылай финал. Дәулет Төлемісов – Абдулайе Траоре (Франция) немесе Жугно Жугно (Үндістан);
+90 келі: Ширек финал. Даниял Сапарбай – Нарендер (Үндістан, 2023 жылғы жазғы Азия ойындарының қола жүлдегері)
Ал әйелдер арасында біздің елден үш қыз ғана өнер көрсетеді. Олар – Жазира Орақбаева (51 келі), Анита Адишева (54 келі) және Ұлжан Сәрсенбек (57 келі).
Жалпы, World Boxing ресми сайты 5 сәуірге дейін созылатын, бірінші Әлем кубогына Аргентина, Австралия, Англия, АҚШ, Бразилия, Франция, Германия, Гватемала, Италия, Қазақстан, Норвегия, Панама, Польша, Тайпэй, Швейцария, Швеция, Үндістан, Өзбекстан, Уэльс боксшылары қатысып жатқандығын жариялады.
Әлихан Түсіп
