Даниял Сапарбай – бокстан Әлем кубогының қола жүлдегері

World Boxing ұйымы Бразилияда өткізіп жатқан Әлем кубогының бірінші кезеңі көмбесіне таяды. Бүгін – жартылай финалдық жекпе-жектер.
«World Boxing Cup: Brazil 2025 – Foz do Iguaçu» турнирінде Қазақстан боксшыларына 6 жүлде бұйырды. Оның біреуі – қола, ал қалғаны әлі белгісіз. Себебі, қалған қыз-жігіттеріміз жартылай финалдық жекпе-жектерін бүгін түнде өткізеді.
Күндіз 90 келіден жоғарғы ең ауыр салмақтағы Даниял Сапарбай жартылай финалда өзбек алыбы Жахонгир Зокировтан ұтылып қалды (0:5). Сөйтіп, World Boxing туы астындағы Әлем кубогында қола жүлдегер атанды.
Бұған дейін жартылай финалда бақ сынау құқығына Жазира Орақбаева (51 келі), Нұрсұлтан Алтынбек (55 келі), Диас Молжігітов (80 келі) үшеуі қол жеткізген болатын. Бұларға Ұлжан Сәрсенбек (57 келі) және Дәулет Төлемісов қосылады. Себебі, екеуі де рингке тек жартылай финалдан бастап шығады.
Өкінішке қарай, қалған бес бокшымыз жүлделі орындардан тыс қалды. Атап айтқанда, Дархан Дүйсебай (70 келі) ширек финалда Франция боксшысы Макан Траореден ұтылып қалды – 1:4. Ал Талғат Сырымбетов (60 келі) Бразилия жігіті Луиз Оливейраға жол берді – 0:5.
50 келі де бақ сынаған Нұрзат Оңғаров та ширек финалдан аса алмады. Ол өзбек Асылбек Жалиловпен кездесіп, төрешілер шешімімен ұтылды (0:5). Ал 65 келідегі Алмат Әбдуәлі 1/8-финалында бразилиялық Рейес Фалькаоға тап болып, жеңіліске ұшырады (0:5).
Әйелдер арасында, әзірше екі қызымыз рингке шықты. Жазира Орақбаева (51 келі) Бразилия аруы Каролина Алмейдадан басым түсті. Ал Анита Адишева (54 келі) бірінші жекпе-жегінде Польша қызы Виктория Рогалиньскамен кездесіп, төрешілердің бірауызды шешімімен ұтылып қалды (0:5).
Әлихан ТҮСІП
