Үш боксшымыз Әлем кубогында топ жарды

Жақында ғана Олимпиада ойындары бағдарламасына енген World Boxing ұйымы Бразилияда Әлем кубогын ұйымдастырып, оған бірінші рет Қазақстан боксшылары қатысып келді.
World Boxing турнирінен Қазақстан боксшылары 3 алтын және 3 қола медаль олжалады. Жалпы, Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында өткен турнирге біздің елден 11 боксшы қатысқан болатын (8-і ерлер, ал 3-еуі әйелдер арасында).
Финалдық жекпе-жектер басталмай жатып, 51 келі салмақ дәрежесіндегі Жазира Орақбаеваның World Boxing туы астындағы Әлем кубогының жеңімпазы атанғаны белгілі болды. Себебі, финалдағы қарсыласы, Италия қызы Лючиа Элен Айари жарақатына байланысты рингке шығудан бас тартыпты. Сөйтіп, саф алтын Жазираның уысына «өзі келіп» түсті.
Кешкі сессияда рингке Дәулет Төлемісов шықты. 85 келі салмақта ел намысын қорғаған боксшымыз өзбек үміті Акмалжон Исроиловпен жұдырық түйістірді. Шектен тыс шиеленісті өткен жекпе-жекте Дәулеттің соққылары діттеген жеріне жиі тиді. Мұрны қанаса да, айылын жиған жоқ. Жеңіске деген жігері басым болды!
Түнгі сессияда Нұрсұлтан Алтынбек бақ сынады. 55 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен жас талантымыз Өзбекстанның әйгілі боксшысы Миразизбек Мирзахалиловпен кездесті. Қарсыласы 2019 жылғы Әлем чемпионы. Азия чемпионаты мен Азиада ойындарында топ жарған – тәжірибелі жігіт. Нұрсұлтанымыз оның атақ-даңқынан сескенбей, намысты қолдан бермеуге тырысты. Әрі төрешілер шешімімен жеңіске жетті.
«World Boxing Cup: Brazil 2025 – Foz do Iguaçu» турнирі. Финал:
51 келі: Жазира Орақбаева – Лючиа Элен Айари (Италия) – WO
55 келі: Нұрсұлтан Алтынбек – Миразизбек Мирзахалилов (Өзбекстан) – 3:2
85 келі: Дәулет Төлемісов – Акмалжон Исроилов (Өзбекстан) – 3:2
Қола жүлдегерлер:
Ұлжан Сәрсенбек (57 келі), Диас Молжігітов (80 келі), Даниял Сапарбай (+90 келі).
Әлихан ТҮСІП

