Абат Айымбетов Түркияда төртінші голын соқты

Футболдан Түркия чемпионатындағы «Адана Демирспор» клубының сапында ойнайтын, Қазақстан құрамасының шабуылшысы, Абат Айымбетов бүгін әдемі гол соқты.
«Адана Демирспор» Түркия чемпионатының ХХІІ турында «Касымпаша» клубын қабылдаған болатын. Өкінішке қарай, бұл ойында Абаттың командасы 3:5 есебімен ұтылып қалды. Қарсыласы өздерінен 11 саты жоғары орналасқан ұжым еді.
Айымбетов алаңға бастапқы құрамда шығып, 88-минутта гол соқты. Қонақтардың айып алаңына таяу тұста допты қабылдап алып, үш қорғаушыдан сытылып, өтіп кетті де, жойқын соққымен теңбіл допты қақпа торында тулатты.
Бұл – Абаттың биылғы Түркия чемпионатындағы төртінші голы. Ол «Адана Демирспор» клубының сапында 16 ойын өткізіп, командасына көмектесуге тырысып жүр. Бірақ оның клубы – соңғы, 19-орында. Еншісінде – 5 ұпай ғана.
Айқын Жаппар