Карими мен Курбанов – Әлем кубогының қола жүлдегерлері

Бүгін Хорватияның Осиек қаласында спорттық гимнастикадан Әлем кубогының финалдық сайыстары басталды.
Қазақстан гимнасшылары бүкіләлемдік сайыста үшінші орынға ие болды. Екі күнгі іріктеу сындарының қорытындысы бойынша үш спортшымыз финалға шыққан болатын. Яғни, жүлделі орындарды сарапқа салатын үздіктер сапына іліккен.
Әуелі, еркін жаттығу сайысында бақ сынаған Милад Карими үшінші орынға қол жеткізді. Ол финалда 13,966 ұпай еншіледі. Бірінші орынды 14,133 ұпаймен Артем Долгопят (Израиль), ал екінші орынды дәл осындай көрсеткішпен Юносуке Ивэй (АҚШ) иеленді.
Бұдан кейін «ат» жаттығуындағы финалдық сайыстар өтіп, Нариман Курбанов та үшінші орынды меншіктеді (14,233 балл). Бас бәйгені 14,633 ұпаймен Гамлет Манукян (Армения), ал күміс жүлдені 14,400 ұпай еншілеген Тянлун Гао (Қытай) иеленді.
Дәл осы жаттығуда финалға шыққан Зейнолла Ыдырысов 9,500 ұпаймен сегізінші орынды қанағат тұтты. Десек те, 35 мемлекеттің спортшылары бақ сынаған Әлем кубогында бұл да – өте жоғары нәтиже.
Кейбір жаттығулардағы финалдық сайыстар ертең кешке өтеді. Милад Карими енді белтемір жаттығуында бақ сынайтын болады. Ендеше, Осиектен әлі де жағымды жаңалық күтеміз.
Әлихан ТҮСІП

