Қазақстан футзалшылары Дания құрамасынан есе қайтарды

Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2026 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу додасы аясында төртінші ойынын өткізіп, өз жерімізде жеңіске жетті.
Осыдан төрт күн бұрын, біздің жігіттер Соннерборгта ұтылып қалып, жаза басқан. Дания құрамасы өз жерінде 3:2 есебімен асым түсіп, футзал мамандары мен жанкүйерлерін түгелдей таң қалдырған-тын.
Дания құрамасының бас бапкері Клейн Саабье тіпті «біз Әлемнің алтыншы, Еуропаның екінші командасын жеңіп кеттік. Бұл – естен кетпес жеңіс» – деп, қуанышын жасырмай, жігіттерін қайрай түскен...
Сондықтан Астанадағы «Жекпе-жек» спорт сарайында өткен матчта Қазақстан құрамасының жігіттері аянған жоқ. Дания футзалшыларын 7:3 есебімен ұтып, есе қайтарды.
Қазақстан құрамасының бас бапкері Кака бұл ойынды төмендегі құрамда өткізді: Серіков, Дәрібай, Валиуллин, Лео, Дуглас – Сисенғалиев, Кнауб, Төреғазин, Сағындықов, Тұрсағұлов, Рашит, Қарменов, Оразов, Қайырбай.
Гол соққандар: Дуглас Жуниор (2), Ақжол Дәрібай, Азат Валиуллин, Дамир Қайырбай, Дәурен Тұрсағұлов (пенальтиден) және Расмуссен (автогол).
Сөйтіп, Қазақстан футзалшылары турнир кестесіндегі жағдайларын біршама түсеп алды. Төрт ойыннан жеті ұпай еншілеп, көш басындағы Армения құрамасын қуып жетті. Алайда, армияндардың бір ойыны – кем.
Айқын Жаппар