Еуро-2027 іріктеу додасы: Жастарымыздың қарсыластары анықталды

Бүгін, Швейцарияның Ньон қаласында, 2027 жылғы жастар арасындағы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі додасының жеребесі тартылды.
Еуропадағы 51 мемлекеттің жастар арасындағы құрама командалары тоғыз топқа бөлінді. Үш топта бес құрамадан, ал қалған алтауында алты құрама команда додаға түсетін болды.
Қазақстан U-21 құрамасы «D» тобына түсті. Қарсыластары – Англия, Ирландия, Словакия, Молдова және Андорра жастары. Топтық кезеңдегі ойындар биыл, наурыз айында басталады.
Жалпы, 2027 жылы Албания мен Сербияда өтетін финалдық додаға 14 құрама іріктеу додасы арқылы қосылады (сонда, бәрі 16 құрама болады). Жоғарыдағы тоғыз топтың жеңімпаздары мен екінші орын алғандардың ішіндегі ең үздігі (іріктеу додасындағы көрсеткіші жағынан) тікелей жолдама алады.
Екінші орын алғандардың ішіндегі үздікті анықтау барысында, алтыншы орын алған командамен өткен ойындар нәтижесі есепке алынбайды. Ал екінші орын алғандардың қалған сегізі плей-офф сатысында соңғы төрт жолдаманы сарапқа салады.
Еуро 2025-2027 іріктеу додасының ойындары өтетін күндер:
Топтық кезең:
- 17-25 наурыз 2025 жыл;
- 2-10 маусым 2025 жыл;
- 1-9 қыркүйек 2025 жыл;
- 6-14 қазан 2025 жыл;
- 10-18 қараша 2025 жыл;
- 23-31 наурыз 2026 жыл
- 21 қыркүйек – 6 қазан 2026 жыл
Плей-офф:
9-17 қараша 2026 жыл
Айқын Жаппар
