«Спорт басылымдары федерациясы» Қоғамдық қоры

Харбинде ІХ қысқы Азия ойындарының ашылу салтанаты өтті

Харбинде ІХ қысқы Азия ойындарының ашылу салтанаты өтті

Қытайдың солтүстік шығысында орналасқан Харбин қаласында IX қысқы Азия ойындарының ашылу салтанаты өтіп, ресми түрде алауы тұтанды.

 

2025 жылғы Азия ойындарына «Сарықұрлықтағы» 34 мемлекеттен 1275 спортшы қатысады. Олар бір апта бойы, 11 спорт түрінен 64 медаль жиынтығын сарапқа салады.

Төрт жылда бір өтетін осы дүбірлі додада еліміздің намысын 137 спортшы қорғайды. Қазақстанның қыз-жігіттері алты спорт түріндегі 10 жарыста (додада) бақ сынайды.

Қысқы Азия ойындарының ашылу салтанаты 48 мың жанкүйер сыйып кететін, «Harbin International Convention and Exhibition Centre Stadium» стадионында ұйымдастырылды. 2025 жылғы Ақ Азиаданың ресми ашылғанын Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин жариялады. 

ІХ Азия ойындарының ашылу салтанатындағы «Мемлекеттер шеруінде» Қазақ елінің  көк байрағын Әділ Бекетаев (шайбалы хоккей) және Ольга Тихонова (шорт-трек) ұстап шықты. Олар ұлттық нақышта арнайы тігілген киімдерімен көрермендер көзайымына айналды.

2025 жылғы қысқы Азия ойындары тұп-тура бір аптадан кейін, келесі жұмада, 14 ақпан күні салтанатты түрде жабылады. Соңғы күні  хоккейшілер мен керлингшілер арасындағы финалдық ойындар өтеді.

Әлихан Өмірзақ          

Фото – Спорт және дене шынықтыру істері комитеті сайтынан

Қолдау көрсеткен