Азия ойындарының бірінші күні бұйырғаны – үш күміс

Бүгін, 8 ақпан күні, ІХ қысқы Азия ойындарында 17 медаль жиынтығы (барлығы 51 жүлде) сарапқа салынды. Қазақстан спортшыларына осыдан үш күміс бұйырды.
2025 жылғы қысқы Азия ойындарының бірінші күні жеті спорт түрінен әр түрлі жарыста 17 медаль жиынтығы сарапқа салынды. Қазақстан жанкүйерлері шорт-трек, конькимен жүгіру және шаңғы жарыстарынан жүлде күтіп, сарыла тосты.
Әуелі мұзайдынға шорттрекшілер шығып, бес медаль жиынтығын сарапқа салды. Аралас эстафетада (mixed, 2000 м) Қазақстан құрамасының бақтары жанып, екінші орынға ие болды.
Алтын жүлдеге таласқан Корея және Қытай спортшылары арасындағы бәсеке көрігі шектен тыс шиеленісті болып, көмбеге жақындағанда ҚХР жігіті тайып жығылды. Сөйтіп, олар мүлде жүлдесіз қалды.
Финалда Қазақстан құрамасының намысын Яна Хан, Малика Ермек, Денис Никиша және Әділ Ғалиахметов қорғады. Ал ширек финал мен жартылай финалда Алина Әжғалиева, Ольга Тихонова, Абзал Әжғалиев, Мерсаид Жақсыбаев сынды ұл-қыздарымыз да жүгірген болатын.
Өкінішке қарай, бұдан кейінгі жекелей сындарда, атап айтқанда, әйелдер және ерлер арасындағы 1500 метрлік және 500 метрлік жарыстарда Қазақстан шорттрекшілері финалға шыға алмады. Тек «В» финалында өнер көрсетті...
Бұдан кейін, конькимен жүгірушілер арасындағы бәйгелер де біз үшін сәтті басталды. Епрлер арасындағы 100 метрлік спринтте Евгений Кошкин екінші орынға ие болып, күміс жүлдегер атанды. Оның уақыты – 9,47.
Кошкиннен бүгін Қытай спортшысы Т.Гао асып түсті (9,35). Биылғы маусымда Қазақстан спортшысы одан озып жүрген. Бірақ, өз жерінде бағы жанып, айы оңынан туды. Екеуі де Азия және Asian Games рекордтарын орнатты.
Үшінші жүлде шаңғымен жарысу бәйгесінен бұйырды. Бүгін ерлер арасында да, әйелдер арасында да спринттік бәйгелер өткен. Қыздарымыз жүлдеге іліге алмай, жігіттер арасынан Константин Борцов үшінші орынға ие болған еді.
Алайда түстен кейін Борцовтың күміс жүлдегер атанғаны мәлім болды. Екінші орынға ие болған Жапония шаңғысышы Х.Иамашита жүлдесінен айырылып, жарыстан аластатылыпты. Бізге жеткен мәлімет бойынша, «тыйым салынған материал қолданған».
Сөйтіп, бүгін үш күміс олжаладық. Екеуі тағдырдың сыйы іспетті болды. Бұған да – шүкір. Тек... Бұрындары шаңғы жарысынан Азияда атой салып ижүруші едік. Сол қынжылтады...
Нұрғазы Жаппарұлы
Фото – Азия ойындарының ресми сайтынан