«Спорт басылымдары федерациясы» Қоғамдық қоры

Азия ойындарының үшінші күні екі жүлдемен шектелдік

Азия ойындарының үшінші күні екі жүлдемен шектелдік

ІХ қысқы Азия ойындарында үшінші күні біздің спортшыларымыз үшін аса сәтті болмады. Жеті медаль жиынтығынан... қоржынымызға екі жүлде ғана түсті (күміс + қола).

 

Фристайл-акробатикадағы аралас командалық сында күміс жүлде, ал ерлер арасындағы 10 шақырымдық шаңғы жарысынан қола медаль олжаладық .

Аралас командалық сында Қазақстан құрамасының намысын қорғаған Аяна Жолдас, Асылхан Асан және Шерзод Хаширбаев екінші орынға ие болды. Қытай құрамасына жету мүлде мүмкін болмады. Бұл фристайл-акробатика спортынан өткен ұжымдық сын болатын.

Шаңғы жарысынан ерлер арасындағы 10 шақырымдық бәйгеде (еркін стиль) Жапония жігіттері үздік шықты. Біздің жігіттердің ішінен Олжас Климин ғана олармен тайталасып, қола жүлде еншіледі.

Конькимен жүгірушілер арасындағы бәйгелерден де жүлде күткенбіз. Бірақ 500 метрлік спринтте Евгений Кошкин, ал 3000  метрлік алыс қашықтықта Надежда Морозова жүлдеге бір сүйем жетпей, екеуі де 4-орынмен шектелді.

Ал шайбалы хоккейден ерлер арасындағы Қазақстан құрамасы Оңтүстік Корея жігіттерін 2:1 есебімен әзер ұтты. Әйтсе де, топтық кезеңде үздік шығып, ширек финалға осалдау командамен додаға түсетін болды (Гонкогнг хоккейшілерімен).

Ертең, 11 ақпан күні ІХ қысқы Азия ойындарында 10 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Біз биатлоншыларымызға ерекше сенім артып, алтын жүлде күтеміз.

Айқын Жаппар

Фото - Спорт және дене шынықтыру істері комитеті сайтынан

Қолдау көрсеткен