«Спорт басылымдары федерациясы» Қоғамдық қоры

Азия ойындары: Бүгін екі алтын, төрт жүлде олжаладық

Азия ойындары: Бүгін екі алтын, төрт жүлде олжаладық

Сейсенбі сәтті болды. Бүгін қоржынымызға төрт жүлде түсті. Оның екеуі – бірнеше күн армандаған саф алтын. Күміс пен қола да бар.

 

ІХ қысқы Азия ойындарының төртінші күні Қазақстан спортшылары жанкүйерлерін қуантты. Әуелі биатлоншы қыздарымыздан жүлде күткенбіз. Алайда олар сенім үдесінен шыға алмады.

Әйелдер арасындағы 7,5 шақырымдық спринтте Арина Крюкова 4-орынға ие болды. Ал О.Полтаранина бесінші, Д.Климина жетінші, П.Егорова он үшінші орындармен шектелді.

Бұдан кейін фристайл-акробатиканың жұптасып өнер көрсету (секіру) сайысында Аяна Жолдас пен Ардана Маханова үшінші орынға ие болып, қола жүлде еншіледі. Олардың алдын Қытайдың екі жұбы орап кетті.

Іле-шала фристайл-акробатиканың ерлер арасындағы жұптасып өнер көрсету (секіру) сайысы басталды. Басында бірінші және екінші орындарды Қытайдың қос командасы иеленіп тұрған...

Алайда Шерзод Хаширбаев пен Роман Иванов соңғы мүмкіндіктерінде олардан асып түсіп, алтын медаль олжалады. Ал Асан Асылхан мен Дінмұхаммед Райымқұлов төртінші орынды қанағат тұтты.

Орайы келгенде айта кетуге тиіспіз, бұл – осы спорт түріндегі тарихи жетістік, Азия ойындарындағы алғашқы алтын. Бағлан Іңкәрбектің шәкірттері Харбин төрінде үмітті ақтап, ел намысын абыроймен қорғады.

Қоржынымызға екінші рет алтын түсіп, мәре-сәре болып жатқанда, биатлоншы жігіттер де көмбеге жете бастады. Әрі 10 шақырымдық спринтте Владислав Киреев бірінші, ал Вадим Куралес екінші орынға ие болып, алтынмен аптап, күміспен «күптеді».

Бұл бәйгеде Әсет Дүйсенов алтыншы, ал Александр Мухин жетінші орындарға ие болып, Азияда биатлоншыларымыздың деңгейі жоғары екендігін дәлелдеді. Енді бұл спорт түрінде екі жүлде жиынтығы сарапқа салынады. Екеуі де – эстафетадан.

Өкінішке қарай, конькимен жүгіру спортындағы қыз-жігіттеріміз жүлделі орындарға іліге алмады. Негізі, үгін бұл спорт түрінен төрт жүлде жиынтығы сарапқа салынған болатын.

Шайбалы хоккейден ерлер арасындағы додада ширек финалдық ойындар өтіп, Қазақстан құрамасы Гонконг жігіттерін 24:0 есебімен күйрете жеңді. Сөйтіп, жартылай финалға шықты. Енді, 13 ақпанда, Қытай хоккейшілерімен кездеседі. Бұл – жартылай финалдық матч.

Дәл қазір Қазақстан қоржынында 3 алтын, 6 күміс, 4 қола медаль бар. Жалпыкомандалық есепте осы 13 жүлдемен төртінші орынды иеленіп тұрмыз. Алдымызда – Қытай, Корея және Жапония спортшылары.  

Әлихан Түсіп

Фотолар - Ұлттық Олимпиада комитеті сайтынан 

Қолдау көрсеткен