Шаңғышылар екі жүлде әперді

Сәрсенбі күні екі-ақ жүлде бұйырды. Бүгін шаңғышыларымыз күміс және қола медаль еншілеп, алтынға жете алмады.
Шаңғы жарысынан эстафеталық бәйгелер өтіп, әйелдер арасында екінші, ал ерлер арасында үшінші орынмен шектелдік. Екі құрамамыздан да алтын медаль дәметкенімізді жасыра алмаймыз.
Әуелі қыз-келіншектер жарысқан (4х5 км). Біздің елдің намысын Ксения Шалыгина, Камила Елғазинова, Ангелина Шурыга, Надежда Степашкина төртеуі қорғады. Алғашқы екеуі классикалық, ал одан кейінгілері еркін әдіспен жарысты.
Бірінші жүгірген Қытай қызы өзінің командалас құрбысына жақындағанда, қарқынын үдетіп, суырылып алға шықты. Содан кейін олар өзгелерден қара үзіп кетіп, көмбеге дейін қалған үшеуі іздеріне түскендерден алыстай берді.
Ерлер арасындағы 4х7,5 км эстафетасында бәсекелестік біршама қызықтырақ болды. Көмбеге жақындағанда Қытай шаңғышысы Жапония жігітінің алдын орап кетіп, алтын жүлдені «жұлып» алды.
Өкінішке қарай, Қазақстан құрамасы қола жүлдені қанағат тұтты. Жарыс жолына Константин Борцов, Наиль Башмаков, Олжас Климин және Владислав Ковалев төртеуі шықты. Бұлар да классикалық және еркін әдіспен жүгірді.
Ски-альпинизм спортынан аралас жұпта бақ сынаған Нияз Жанұзақов пен Әсем Назырова 8-орынға ие болды. Жүлделі орындарды түгелдей Қытай спортшылары өзара бөлісті.
Айқын Жаппар
Фото - ҚР ҰОК сайтынан
