Биатлоншылар эстафетасынан күміс пен қола бұйырды

Бүгін де алтын бұйырмады. Биатлоншы қыз-жігіттерімізге үміт артып едік, олар күміс және қола медаль еншілеп, бақтары жанбады.
Биатлоншылар арасындағы эстафетадан кемі бір алтын күтіп едік. Өкінішке қарай, баптары келіскенімен, бақтары жанбай, екі төрттік те Харбин төрінде Әрнұранымызды құйқылжыта алмады.
Әуелі жарыс жолына әйелдер шықты. 4х6 эстафетасында ел намысын Ольга Полторанина, Дарья Климина, Арина Крюкова және Елизавета Белецкая қорғады. Көмбеге Қытай және Корея қыздарынан кейін келді.
Бұдан соң жігіттеріміз 4х7,5 эстафетасында бақ сынады. Александр Мухин, Әсет Дүйсенов, Кирилл Бауэр және Владислав Киреев төрттігі нысана көздеуде көп қателесті (5+15).
Әйтсе де, жылдамдықтары біршама жоғары болып, екінші орынға ие болды. Әсет өз кезеңінде бәрін қуып жетіп, бірінші келді. Ал Владислав соңғы белесте Қытай биатлоншысын қуып жетіп, көмбеге екінші келді. Күміс!
Енді бір қола жүлдені мәнерлеп сырғанау спортынан еншіледік. Ерлер арасындағы жекелей сында Михаил Шайдоров үмітті ақтады. Кешегі қысқа бағдарламада 76,75 балл еншілесе, бүгінгі «еркінде» 169,26 ұпай иеленіп, қорытынды есепте 246,01 ұпаймен үшінші орынға көтерілді.
Хоккейден ерлер арасындағы ұлттық құрамамыз Қытай жігіттерін 3:1 есебімен ұтып, финалға шықты. Енді ертең Жапония құрамасымен алтын жүлдені сарапқа салады. Біз олардан тек алтын күтеміз.
Хоккейші қыздарымыз көпшілікті тәнті қылып, қарымды Қытай құрамасын ұтып кетті. Есеп – 2:1. Енді, жүлделі орындардың біріне сына қағулары тиіс. Бәрін де ертең білеміз. Тек Корея қыздарынан ірі есеппен ұтылып қалмаса болды. Қысқасы, ертең ұпай ғана емес, шайба айырмасын да есептеуге тура келуі де тиіс.
Керлингтен әйелдер арасындағы Қазақстан құрамасы жартылай финалда Корея қыздарынан ұтылып қалды. Әйтсе де, ертең үшінші орын үшін бақ сынау құқығына ие болды. Қарсыластары – Жапония арулары.
Әлихан Түсіп
Фотолар - ҰОК сайтынан
