«Спорт басылымдары федерациясы» Қоғамдық қоры

Алты қызымыз Әлем чемпионатының – жартылай финалында

Алты қызымыз Әлем чемпионатының – жартылай финалында

Бокстан Сербияда өтіп жатқан әйелдер арасындағы Әлем чемпионатында ширек финалдық жекпе-жектері аяқталып, Қазақстан құрамасының алты қызы жартылай финалға шықты.

 

Ширек финалда төрт қызымыз жеңілістің кермек дәмін татты. Бірақ, кейбір жекпе-жектерде, әсіресе ринг «қожайындары», Сербияның боксш-аруларымен өткен кездесулерде біздің қыздарымыз ұтылған жоқ сияқты еді...

Ширек финалдық кешкі сессияны 48 келі салмақ дәрежесіндегі, 2 дүркін әлем чемпионы, Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Назым Қызайбай бастады. Ол Венесуэла қызы Тайонис Седеномен кездесіп, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Қарсыласын екінші раундта 2 мәрте, ал үшінші раундта бір рет есеңгіретті. Үш нокдаун – бұл техникалық нокаут! Жекпе-жек мерзімінен бұрын тоқтатылды.

57 келіде Карина Ибрагимоваға сенім артылған еді. Оның ширек финалдағы қарсыласы осы Әлем чемпионатының көзайымына айналған, Қытай қызы Цай Янь болды. Бұл жекпе-жекте төрешілер жеңісті Каринаның қарсыласына берді. Есеп – 1:4. Бұл салмақта да жүлде бұйырмады.

Аида Әбікеева 63 келі салмақта ел намысын қорғап, жартылай финалға қиналмай шықты. Бүгін Түркия боксшысы Эсманур Локпен кездесіп, үстемдік танытты. Үшінші раундта тіпті қарсыласын нокдаунға жіберді. Әрі төрешілердің бір ауызды шешімімен жеңіске жетті (5:0).

70 келі салмақ дәрежесінде Наталья Богданова қайсарлық танытты. Ол Сербия  қызы Милена Матовичпен кездескен болатын. Үш раунд бойы екеуі де аянған жоқ. Бұл жолы төрешілер Қазақстан спортшысының басым болғанын мойындады. Есеп – 4:3.

Ал 75 келі салмақ дәрежесіндегі тағы бір Қазақстан – Сербия қыздары арасында өткен жекпе-жекте төрешілер шешімі мүлдем басқаша болды. Надежда Рябец тізгін тартуды білмейтін қызымыз еді. Алайда төрешілер жергілікті Николина Гаичтің қолын көтерді. Олардың пікірінше есеп – 1:4.

Сөйтіп, Елдос Сайдалин жаттықтарытын қыздарымыздың алтауы Әлем чемпионатының жүлдегерлері атанатын болды. Қайсының қандай медаль алатынын алдағы екі күнде білетін боламыз.

Өз кезегімізде, Анита Адишева, Жайна Шекербекова және Надежда Рябец үшеуі «ұтылды» деп ойламаймыз. Алайда төрешілер шешімі осылай болды. Әйтпесе, жүлделеріміздің саны бұдан да көп болар ма еді?.. Енді жартылай финалдық жекпе-жектерді күтеміз.

Әлихан Түсіп

Қолдау көрсеткен