Бес қызымыз – Әлем чемпионатының финалында!

Бокстан Сербияда өтіп жатқан әйелдер арасындағы Әлем чемпионатының жартылай финалдағы барлық жекпе-жектері аяқталды.
Финалға Қазақстан құрамасының бес боксшы аруы шықты. Жартылай финалдық жекпе-жектердің күндізгі сессиясында бір ғана қызымыз бақ сынады. 60 келі салмақтағы Виктория Графеева бұрынғы ресейлік, қазір Сербияның намысын қорғайтын Наталья Шадринамен жұдырықтасты.
Тартысты өткен жекпе-жекте Виктория бойы мен қолының ұзындығын дұрыс пайдаланып, тактикалық тұрғыда сауатты өнер көрсетті. Сөйтіп, тәжірибелі қарсыласынынан, 2024 жылғы Еуропа чемпионынан басым түсті. Мұны төрешілер де мойындады. Есеп – 4:1
Кешкі сессияда рингке бірінші болып, 48 келі салмақ дәрежесіндегі Назым Қызайбай шықты. Әрі 9 жылдан кейін финалда бақ сынау құқығына қол жеткізді. Ол Солтүстік Корея қызы Хонг Кионг Рионгпен кездесіп, тәжірибесінің мол, деңгейінің жоғарылау екенін паш етті.
Назым қорғаныста сақ болып, шабуылда жылдам қимылдауға тырысты. Сөйтіп, төрешілер шешімімен, 4:1 есебімен жеңіске жетті. 2014 және 2016 жылдары Әлем чемпионы атанған қайсар қызымыз үшінші рет финалда бақ сынайды. Асқақ арманына қол жеткізсе екен деп тілейміз.
50 келіде ел намысын қорғаған Алуа Балқыбекова да сенім үдесінен шықты. Ол да Ан Кум деген Солтүстік Корея қызымен кездескен. Екеуі де үш раунд бойы тоқтаусыз жұдырықтасты. Аса жоғары қарқында өткен жекпе-жекте қазақ қызының мерейі үстем болды.
Алуа сауатты қорғанып, қарсы шабуылдарымен қарсыласын тықсырып отырды. Әрі төрешілердің күмән келтірулеріне де жол бермей, басымдық танытты. Есеп – 5:0. Сөйтіп екінші рет Әлем чемпионатының финалына шықты. 2022 жылы күміс, ал 2023 жылы қола медаль алған қызымызға биыл қандай жүлде бұйырар екен?
63 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Аида Әбікеева көпшілікті тәнті етті. Жартылай финалда өткен жылғы Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері, ресейлік Елена Бабичевамен жолы түйіскен болатын. Сыңғыр етіп, гонг үні шығысымен қарсыласы атойлап алға ұмтылды.
Алайда, Аида оған дес бермеді. Қарсы соққыларымен күтіп алып, бетін қайтарып тастады. Пәрменді соққыларын діттеген нүктелеріне тигізіп, сауатты тактикасының арқасында сабасына түсірді. Әбікеева да үстем түсіп, 5:0 есебімен финалға шықты.
70 келі салмақта Наталья Богдановаға сенім артқанбыз. Қарсыласы да өзімен деңгейлес сияқты еді. Десек те, Ирландия қызы Лиза Эдель О’Рурк жанкешті екен. Бірінші раундта ұтылып қалса да, алға қарай ентелеумен болды. Екінші раундта есесін қайтарды.
Богдановаға оның екінші раундтағы соққыларының бірі бата тиді ме, белгісіз... Әйтеуір, Наталья қарқынын бәсеңсітіп алғандай болды. Бірін-бірі тоқтаусыз төпелеумен өткен жекпе-жек соңында төрешілер Ирландия қызының қолын көтерді. Есеп – 3:4. Ал Наталья 2025 жылғы Әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.
81 келіден жоғарғы, ең ауыр салмақта өнер көрсеткен Елдана Тәліпова да финалға шықты. Ол жартылай финалда Молдова елінің үміті Дарья Сазоновамен (бұрынғы тегі – Козорез) қолғап түйістірді. Қарсыласының бойы аласалау екен, салмағы да жеңілдеу болар. Бірақ тәжірибесі – мол, 2024 жылғы Еуропа чемпионы.
Әйткенмен, Елдана оны аса қиналмай ұтты. Бойының биіктігін, қолының ұзындығын дұрыс қолдана білді. Оның үшінші раундтағы пәрменді соққыларының бірінен кейін, төреші нокдаун тіркеуге мәжбүр болды. Жеңіс! Есеп – 5:0.
Сөйтіп, финалға бес қызымыз шықты. Ертең боксшы қыздар дем алады. Жексенбі күні – финал. Алтынның сыңғыры жиі естілсе дейміз, әрине. Былғары қолғапты аруларымызға тек жеңіс тілейміз.
Әлихан Түсіп
