Қыздарымыздың финалдағы қарсыластары кімдер?

Бокстан Сербияда өтіп жатқан әйелдер арасындағы Әлем чемпионатында бүгін – демалыс. Ертең финалдық жекпе-жектер өтеді.
Финалға біздің елден бес боксшы қыз шықты. Бұл тұрғыда бізбен тек ресейлік боксшылар ғана теңесе алды. Олардың да бес қызы финалға шықты. Бірақ солтүстіктегі көршілеріміздің бір қола жүлдесі артық. Бізде – біреу, оларда – екеу.
Финалға шыққан боксшылар саны бойынша үшінші орында Түркия құрамасы и еленіп тұр. Босфор жағалауындағы ағайындарымыздың үш қызы алтын медаль үшін айқасады. Қытай, Таиланд және Ирландия елдерінен финалға екі боксшыдан шықты. Өзбекстан, Марокко, Сербия және Солтүстік Корея мемлекеттері бір салмақта ғана алтынан – үмітті.
Енді, ертеңгі финалдық жекпе-жектерде қыздарымыздың кіммен жұдырық түйістіретіндігіне көз жүгіртейік:
48 келі: Назым Қызайбай — Юлия Чумгалакова (Ресей)
50 келі: Алуа Балқыбекова — Ху Мэйи (Қытай)
60 келі: Виктория Графеева — Нуне Асатрян (Ресей)
63 келі: Аида Әбікеева — Тананья Сомнуек (Таиланд)
+81 келі: Елдана Тәліпова — Илян Чжан (Қытай).
Әлихан Түсіп
