Каратэші қыздарымыз үш жүлдемен оралды

Қытайдың Ханчжоу қаласында каратэден Премьер-лига санатындағы беделді турнирі өтіп, үш қызымыз жүлделі орындарға ие болды.
«Karate-1 Premier League» – әлемдегі ең үздік каратэшілер қатысатын турнир. Оған WKF (бүкіләлемдік каратэ федерациясы) рейтингіндегі TOP-32 спортшы ғана қатыса алады.
Бұл лиганың бірінші кезеңдік сайыстары мен жекпе-жектері 24-26 қаңтар күндері Парижде өткен. Онда Қазақстан спортшылары 2 күміс, 3 қола медаль еншілеген болатын. Бұл жолы екі жүлдеміз кем болды, алған.
Хуанчжоуда Қазақстан құрамасының 3 спортшысы кумите бағдарламасында жүлделі орындарға ие болды. 50 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Мөлдір Жаңбырбай ешкімнен ұтылмай, финалға дейін сүрінбей жетті.
Ал соңғы шешуші жекпе-жегінде Алжир қызы Силия Уикенмен тең түсті (8-8). Алайда Senshuu (бірінші болып, ұпай алғанға дейінгі ереже) бойынша екінші орынды қанағат тұтты. Мөлдір Париждегі бірінші кезеңде қола жүлдегер атанған болатын.
Ал Әсел Қанай (61 келі) және Софья Берульцева (+68 кенлі) жартылай финалда ұтылып, үшінші орын үшін өткен жекпе-жекте жеңіске жетті. Сөйтіп екеуі де қола жүлдеге ие болды. Бір қызығы, екеуі же Парижде күміс медаль олжалап қайтқан еді.
Жалпы, «Karate-1 Premier League» турнирінің екінші кезеңіне 68 мемлекеттен 400 спортшы қатысты. Қазақстан құрамасы 13 спортшысын үкілеп қосты. Бұл турнирдің келесі кезеңдік сайыстары Каирде (18-20 сәуір) және Рабатта (30 мамыр – 1 маусым) өтеді.
Әлихан Түсіп
